«Бес асыл» – ұлттық мұраны жаңғыртқан жоба
Көкшетауда «AMANAT» партиясының қолдауымен Ақмола облысы әкімдігі және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы республикалық «Бес асыл» ұлттық өнер сайысын ұйымдастырды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақмола және Атырау облыстарының өнерпаздарынан құралған командалар бақ сынаған. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай дүбірлі дода тізгінін ұстап, ұлттық өнердің мәні мен маңызына ерекше назар аударды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мұндай жобалар жастарға асқақ рух сыйлайтынын атап өткен.
Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Жабал Ерғалиев орамды ойын ортаға салды.
Сайыс барысында айтыс, күй, жыр, терме және дәстүрлі ән сынды ұлттық өнер түрлері қамтылған. Бұл ретте, Ақмола облысының намысын белгілі ақын Арман Бердалин, ал Атырау облысының командасын белгілі ақын Саадат Нұрманов бастап шыққан. Қазылар алқасы құрамына Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі ақын Жүрсін Ерман төрағалық етті. Сайыс қорытындысы бойынша Ақмола облысының командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды.







