Иманбектің әкесіне медаль табысталды

376
Ақсу горнизонының басшылығы Наурыз мейрамы қарсаңында азаматтық қорғаныс саласының ардагері Марат Сүлейменовке құрмет көрсетті. Оған департаменттің жеке құрамы мен ардагерлер кеңесінің атынан I дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалі табысталды.

Ведомство мәліметінше, Grammy иегері Иманбек Зейкеновтың әкесі – Марат Зейкенұлы Сүлейменов көптен бері төтенше жағдайлар саласында жұмыс істеп келеді. Қазіргі қызметі - "Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайдар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының қызметі" мемлекеттік мекемесінде аға прапорщик. 

Осы мекемеде 1996 жылдың 5 шілдесінен бастап істейді. Осы уақыт ішінде №11 өрт сөндіру қызметінде көлік жүргізушісі, одан кейін аға жүргізуші болған. Мінсіз қызметі үшін бірнеше рет ведомстволық медальмен марапатталған. 

Осы жолы да әріптестері Марат Зейкенұлына азаматтық қорғаныс саласына сіңірген еңбегін бағалап, тағы бір медаль тапсырды. Өзіне мықты денсаулық, ал ұлына шығармашылық табыс тіледі.