Орынбордан Ақтөбеге көшіп келген зейнеткер ұлттық өнерді жаңғыртты
432
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында тұратын Рабиға Испулатова қазір ілмек пен жіпті пайдаланып, түрлі бұйым тоқып жүр. Қария осыдан 10 жыл бұрын әкесінің кіндік қаны тамған өлкеге оралып, қоныстанған. Қолөнерде білген, көргенін қазір оқушыларға үйретеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Рабиға Испулатова кішкентай кезінде ілмекпен тоқуды үйренді. Зейнетке шыққан соң ғана осы іске ден қоя кірісіп, қазір көздің жауын алар түрлі бұйым тоқып жүр.
«Түрлі-түсті жіпті дүкеннен сатып алып жүрмін. Қолыма жіп пен ілекті алғанда тоқитын бұйымымды ойластырамын. Бәрі өз ойымның жемісі. Бас киім, түрлі көлемде сөмке, тіпті түрлі жемісті тоқыдым. Кейін қазақы қойдың жүнін кәдеге жаратуды ойладым. Себебі қой қырыққан соң оның жүні кәдеге аспай жатыр. Оны жинап алып, өзім киіз бастым. Сөйтіп кәдесыйға арнап торсық жасадым. Өте әдемі көрінеді»,- деді шебер Рабиға Испулатова.
Шебер өз ісін сүйеді. Кейбір бұйымды бір күнде тоқып шығады. Әрі кез келген бұйымның, дайындаған заттың астары бар. Мәселен, себеттегі гүл қазақтың дархан даласын білдіреді. Себетті жасыл түсті жіппен көмкеріп, түрлі-түсті қылғалдақ тоқыған.
«Осыдан 10 жыл бұрын отбасыммен көшіп келдім. Оған дейін Орынбор облысында тұрдым. Қазір қызыммен бірге түұрамын, отағасы көз жұмды. Тарихи Отаныма оралған соң осы іске қызықтым. Сұраныс болған кезде сатып жіберемін. Ал өзгесі үйімде тұр. Соңғы кездері картиналар да дайындап жүрмін. Егер жұмыс істеу ойда болса, базардан жіп сатып алып, кәсіпке айналдыруға болады. Соңғы кездері ұлттық нақыштағы кілемше тоқу қызықтырады», - деді ол.
Зейнеткер барлық жұмысты өзі істейді.
«Балаларға үйде, мектепте де үйретемін. Біз ұлттық қолөнерді дамытып, қайта түлетуіміз керек деп есептеймін. Өте әдемі дүниелер қашанда сәнде болады», - деді Рабиға Испулатова.