Елорда «Түркі әлемінің қаржы орталығы» деген мәртебеге ие болды

2 508

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 10-шы саммитін өткізу аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ елдері Астанаға түркі әлемінің қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастаманы қолдағанын мәлімдеді, -  деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Еліміздің ТМҰ-дағы төрағалығы туралы айта келе, Мемлекет басшысы өңіраралық сауданы кеңейту және экономикаға инвестиция салу қажеттігін ерекше атап өтті.

«Бұл істе түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Экономикалық байланыстарды нығайту үшін «жасыл» қаржыландыру нарығын дамыту қажет. Белгілі болғандай, Қазақстан Түркі «жасыл» қаржы кеңесін құруды ұсынған болатын. Астанаға түркі әлемінің қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдау тапты», - деді Президент.


Мәртебе беру туралы шешім 2021 жылы Ыстамбұл саммиті барысында бекітілген «Түркі әлемінің қалаларына белгілі бір мәртебе беру туралы ереже» негізінде қабылданды. Құжат ТМҰ-ға мүше елдердің қалаларына тиісті мәртебе беру критерийлерін белгілейді. Атап айтқанда, кандидат қала түркі әлемінің саяси, сауда, ғылыми немесе мәдени орталығы болып, тарих бойына түркі өркениетінің дамуында маңызды рөл атқарған болуы тиіс еді.

Елорда «қаржы астанасы» ретінде бекер таңдалмаған, Астананың маңында ерте ортағасырлардан бері (VIII-XVI) оғыз бен қыпшақ ордасы болған. Бозоқ деп аталған қалашық далалық керуен жолдарын бақылайтын сауда мен қаржы кентіне айналды.

Бас қаламызда алғаш рет инфрақұрылымды дамытуға және халықаралық көлік дәліздерін қаржыландыруға бағытталған «Белдеу және жол» жобасын құру бастамасы жарияланған болатын. «Орта дәліз» бойынша Caspian Integrated Maritime Solutions және KPMC сияқты инфрақұрылымдық жобалары «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) құрылымдалған еді.

АХҚО жанындағы Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) – Орталық Азиядағы «Белдеу және жол» бастамасы үшін жасыл инвестициялар қағидаттарының өңірлік кеңсесі. ЖҚО өңірде тұрақты қаржыландыруды дамытуға жәрдемдеседі. Орталықтың қолдауымен Қырғызстанда дебюттік жасыл және әлеуметтік облигациялар шығарылды.

Астанамыз – әлем қаржы орталықтарының Global Financial Centres Index индексіне сәйкес Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірінің көшбасшысы. Қаламыздың рейтингке қосылуына инвесторлар мен бизнес үшін қаржы хабы ретінде әрекет ететін және Орталық Азия мен одан тыс жерлерде компаниялардың дамуы үшін экожүйені ұсынатын АХҚО-ның қызметі ықпал етті.

АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті ақпарат алмасу, ұйымдардың қызметін қадағалау және реттеу мақсатында Түркия мен Қырғызстанды қоса алғанда, ТМҰ-ға мүше елдердің қаржы реттеушілерімен бірқатар келісім мен меморандум жасасты.

Астанаға түркі әлемінің қаржы орталығы мәртебесін беру елдің әлеуетін және оның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсете отырып, қаланың өңірдегі экономикалық және қаржы орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтады.