Алдағы уақытта автосақтандыру саласында қандай өзгерістер болады

428

Халықаралық тәжірибеде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі таралған. Ол Еурохаттама ретінде көпке белгілі. Қазіргі кезде еурохаттама Еуропаның көптеген елдерінде және ТМД-ның Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Өзбекстанда ұсынылған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Еурохаттамаға сәйкес жол-көлік оқиғасы туралы құжаттар жеңілдетілген түрде ресімделеді, ондай ресімдеу жол полициясының қызметкерлері қатыспай және сот шешімі шығарылмай жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні жолдарда зардап шеккен адамдарсыз және жол көлік оқиғасының қатысушылары болып табылмайтын тұлғалардың мүлкіне зиян келтірместен көптеген елеусіз оқиғалар орын алуда.

Сақтандыру төлемін алу үшін жол көлік оқиғасының қатысушылары жол полициясы қызметкерлерінің келуін күтеді, хаттамаларды толтырады және сот шешімін күтеді. Көбінесе бұл процесс екі айға жуық уақытты алады.

Сақтандыру нарығын дамыту жөніндегі заң жобасын қарау барысында Мәжіліс депутаттары Еурохаттама қағидаты бойынша ұсақ жол көлік оқиғалары кезінде сақтандыру төлемін алу тәртібін жеңілдету туралы мәселені көтерді.

Мәжіліс депутаттары ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанда Еурохаттаманы енгізу үшін қажетті заңнамалық нормаларды дайындау жұмыстарын жүргізді.

Сақтандыру жағдайын реттеудің қолданыстағы тәртібімен қатар:
  1. ЖКО екі көлік құралының соқтығысуы нәтижесінде орын алған;

  2. ЖКО нәтижесінде ЖКО қатысушыларының көлік құралдарына ғана зиян келтірілген (өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жәбірленушілер болмаған кезде үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпеген);
  3. ЖКО қатысушыларында сақтандыру полисі болған;
  4. ЖКО-ға қатысушыларда ЖКО-ға кінәліні анықтау мәселесінде келіспеушілік болмаған;
  5. ЖКО-ны ресімдеу сот шешімінсіз және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуынсыз жүзеге асырылған;
  6. сақтандыру төлемі бір сақтандыру жағдайы бойынша 100 АЕК шегінде жүзеге асырылған жағдайларда Еурохаттаманы қолдану болжанады.
Осылайша, бұл рәсім ЖКО-ны ресімдеу және зардап шеккен адамдардың сақтандыру төлемін алу мерзімін айтарлықтай қысқартады.

ЖКО-ны ресімдеу ЖКО-ның қатысушылары қандай сақтандыру компаниясында сақтандырылғанына қарамастан бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын болады.

Еурохаттаманы енгізу сақтандыру төлемдерін алу рәсімін жеңілдетуге, бірыңғай мобильдік қосымшаны пайдалана отырып бүкіл процесті цифрландыруды қамтамасыз етуге, ЖКО-ны ресімдеу кезінде жолдарда кептелістердің пайда болу санын азайтуға мүмкіндік береді.