Отандық дүкендерде импорттық өнім үлесі қандай?

2 558

lada.kzСауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Қазақстанның шекара жақтағы өңірлерінде дүкен сөрелерінде қанша импорттық өнім барын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Спикердің айтуынша, сөрелердегі шетелдік тауарлар санын өлшеу – тиісті тәртіп пен әдіснаманы қажет ететін күрделі процесс.


«Біз әріптестерімізбен сөрелерде қанша импорттық тауар бар екенін көру үшін қазан, ақпан айларында шекара маңындағы 4 аймақты араладық. Егер жаппай тұтыну тауарлары туралы айтсақ, мәселен сүт - сүт өнімдері, шұжық - шұжық өнімдерінің 90-95% шекара маңындағы өңірлерде қазақстандық тауарлар екенін көрдік. Иә, ірімшік сияқты кейбір өнімдерде бұл пайыз өңдеу дамымаған жерде 60-65%-ға дейін төмендейді. Жалпы, негізгі тауарлар 30%-ға дейін төмендеді деп айту дұрыс емес», - деп жауап берді Қуаныш Елікбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.


Сонымен бірге, спикер отандық өндірушілерге қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын айтып берді.


«Қазір отандық өндірістің өсуі үшін жағдай жасалуда, субсидиялар берілуде. Импортқа келсек, мұнда мемлекеттік бақылау шаралары қолданылады. Өткен жылы мемлекеттік органдармен бірлесіп, ахуалдық штаб құрылды. Барлық бақылаушы органдар заңнама шеңберінде әкелінетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігінің техрегламенттерге сәйкестігін бірлесіп тексеріп, бақылау үшін күш біріктірді», - деді комитет төрағасы.


Оның айтуынша, бірқатар көрші елдерден кейбір импорттық тауарларды әкелуге тыйым салынған.


«Күшейтілген зертханалық бақылау сияқты режимдер енгізілді. Шамамен 10-ға жуық өндіруші тауарларды әкелуде бақылауға және сынауға жіберілді. Егер заңбұзушылық қайта анықталса, оларға мүлдем тыйым салынады. Шұжық өнімдері бойынша да осындай шаралар жүргізілуде. Ахуалдық штаб осындай алгоритмдерді әзірлейді және заңнама шеңберінде барлық шараларды іске асырады», - деп түсіндірді Қуаныш Елікбаев.