Елімізде валюталық операцияларға бақылау күшейтіледі
Ұлттық банк басқармасының 2026 жылғы 31-ші наурыздағы қаулысымен валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша бірқатар қаулыларға өзгерістер енгізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Елде валюталық операцияларға бақылау күшейтіліп, банктерге жүргізілетін транзакцияларды мұқият тексеру және күдікті немесе заң бұзушылық белгілері бар жағдайлар туралы уәкілетті органдарға хабарлау міндеті жүктеледі. Белгілі бір қаржылық шектерден асатын мәмілелер бойынша қосымша талаптар енгізіліп, валюталық операциялардың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге басымдық берілмек.
• валюталық бақылау күшейтіледі: банктер операцияларды тексеріп, заң бұзу туралы хабарлайды;
• шекті сомалар белгіленді: жеке тұлғалар үшін - 10 000 АҚШ долларынан, заңды тұлғалар үшін - 50 000 АҚШ долларынан бастап;
• бірқатар операция үшін валюталық шарттың есептік нөмірі міндетті болады;
• бизнес субъектілері валюта сатып алу мақсаттарын растауы тиіс;
• капиталды заңсыз шығаруға тәуекелі жоғары операцияларға (аударымдар, қарыздар, экономикалық мәні жоқ мәмілелер) бақылау күшейтілмек.
Жеке тұлғалар үшін жеңілдіктер сақталады: 10 000 АҚШ долларына дейінгі ақша аударымдарын банктік шот ашпай-ақ жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылған.
Қаулының негізгі мақсаты:
• қаржылық тәртіпті арттыру;
• қаражатты заңсыз әкетумен күресу;
• валюталық операциялардың цифрландырылуын және ашықтығын қамтамасыз ету.
Қаулы 2026 жылғы 19-шы сәуірден бастап қолданысқа енгізілмек. 2026 жылғы 12-ші шілдеге дейін уәкілетті банктер мен валюталық бақылау агенттері, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына қатысты кейбір нормалар уақытша тоқтатылды. Цифрлық құжаттар сервисінен алынған деректерді тек иесінің келісімімен ғана пайдалану талабы енгізілген.
«Электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы рәсімделеді. Растау процесі порталға тіркелген ұялы телефон нөміріне жіберілетін бір реттік пароль немесе SMS-хабарламаға жауап беру арқылы жүзеге асырылмақ.







