Ұлттық банк ерекше коллекциялық монетаны айналысқа шығарады

2 658

Фото: Ұлттық банкҰлттық банк Cu (мыс) коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қазақстан Ұлттық банкі (ҚҰБ) «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан Cu (мыс) коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.

Коллекциялық монеталар 2024 жылғы 10 желтоқсаннан бастап ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылады.

Cu (мыс) коллекциялық монетасы туралы

Cu (мыс) – «Қазақстанның жер қойнауы» монеталарының жаңа сериясын ашады. Бұл серия Қазақстанның жер байлығын ашуға арналған. Оның аясында Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің бөлшектері бар, жаңа технологиямен күміс монеталарды әзірлеу жоспарланған. Монета дизайнында Менделеев кестесі мен Cu (мыс) химиялық элементінің айшықталған бөлігі ұсынылып отыр.

Күміс монеталардың сынамасы – 925. Массасы – 32,9 грамм (күміс массасы – 31,1 грамм, мыс қосылған элемент массасы – 1,8 грамм), диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1000 теңге, таралымы – 1000 (бір мың) дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.