Қазақстанда ипотека алу үшін қанша табыс керек? Экономист түсіндірді

2 435

Фото: istockphoto.comҚазақстанда нарықтық ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 20%-дан жоғары болып отыр. Мұндай несие табысы жоғары азаматтарға ғана қолжетімді. Ал «Отбасы банк» ұсынатын жеңілдетілген бағдарламалар тиімді болғанымен, онда тұрақты ресми табыс талап етіледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Экономист Бауыржан Искаковтың айтуынша, банк несие беру кезінде табыстың көлеміне ғана емес, оның ресми және тұрақты түсуіне назар аударады. Ипотекалық төлем отбасының ресми табысының 40–45%-ынан аспауы тиіс.

Мысалы, егер пәтер бағасы 25 млн теңге, несие мерзімі 20 жыл, мөлшерлеме 20% болса, ай сайынғы төлем 385–390 мың теңге болады. Мұндай жағдайда отбасының табысы кемінде 770–800 мың теңге болуы керек.

Ал «Отбасы банк» арқылы дәл сол пәтерге жеңілдетілген ипотека рәсімделсе, төлем шамамен 175 мың теңге, яғни табыс 350 мың теңге шамасында жеткілікті.

«7-20-25» бағдарламасында пәтер бағасы 20 млн теңге болса және 4 млн теңге бастапқы жарна төленсе, 20 жылға несие алғанда ай сайын 124 мың теңге, 10 жылға – 185 мың, 5 жылға – 316 мың теңге төленеді. Демек, табыс 370–630 мың теңге аралығында болуы тиіс.

Сарапшының сөзінше, үлкен бастапқы жарна қарыз жүктемесін азайтып, ай сайынғы төлемді төмендетеді.

Қазір елдегі орташа жалақы 390–400 мың теңге шамасында, сондықтан көпшілікке қолжетімді нұсқа – жеңілдетілген ипотека немесе арзанырақ баспана.

“Ай сайынғы төлем отбасы табысының 30–40%-ынан аспауы керек. Бұл қаржылық тұрақтылықты сақтап, төтенше шығындарға қор жинауға мүмкіндік береді,” – дейді экономист Бауыржан Искаков.

Оның айтуынша, әсіресе балалы және жалғызбасты ата-аналар ипотеканы мұқият жоспарлауы қажет. Тұрақты табыс пен қаржылық қор болмаса, қарыз жүктемесіне түсу қаупі жоғары.

Қорытынды: қазіргі жағдайда ипотека – тек ресми және тұрақты табысы орташа деңгейден жоғары азаматтарға қолжетімді. Ал табысы төмендерге бастапқы жарнаны алдын ала жинап, бюджетті мұқият жоспарлау ұсынылады.