Ұлттық банк банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің қағидаларын бекітпек

2 577

Фото: Рүстем Айтхожин/ KazinformЖаңа жүйенің көмегімен клиенттер алушының телефон нөмірін ғана біле отырып, ақшаны басқа банктерге аудара алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Ұлттық банк «Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасын әзірледі.

Жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру үшін әзірленді.


"Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі — бұл оңайлатылған деректемелер (телефон нөмірі және QR) бойынша нақты уақыт режимінде банкаралық клиенттік аударымдар мен төлемдерді жүргізуге мүмкіндік беретін Ұлттық банктің төлем жүйесі. Клиенттерге жүйедегі қызметтерді екінші деңгейлі банктер көрсетеді. Қаулы жобасы жүйенің жұмыс істеу тәртібін айқындайды, қатысушы банктерге ақпарат алмасу, оңайлатылған идентификатор бойынша банкаралық ақша аударымдары мен QR-кодты пайдалана отырып төлем бойынша қызмет көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау талаптарын белгілейді.", — делінген банк хабарламасында.


 Кәсіпкерлер үшін банкаралық QR-кодты пайдалана отырып төлемдерді қабылдау кезінде әртүрлі банктердің бірнеше POS-терминалын орнату қажеттілігі жойылды. Сервис сатып алушыларға басқа банктердің пайдасына банкаралық QR-төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді (өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы).