Депутат онлайн кредит мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев микроқаржы ұйымдарының онлайн кредит беру рәсімдерін қайта қарауды сұрады.
Бейсенбаевтің сөзінше, соңғы жылдары халыққа шағын несие берумен байланысты алаяқтық фактілер жиілеп кеткен.
Оның айтуынша, депутаттарға алаяқтардың құрбанына айналған азаматтар жиі шағымданады екен.
"Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді. Ал ең сорақысы зардап шеккендер рәсімделген кредит туралы белгілі бір уақыттан кейін ғана, яғни коллекторлық агенттіктер мазалай бастаған кезде біледі", – дейді ол қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында.
Ішкі істер органдарының ресми дерегінше, 2019 жылы интернет алаяқтықпен байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, ал 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есеге артып, 14 110 құраған.
2020 жылдың қорытындысы бойынша микрокредиттік ұйымдардың сайты арқылы онлайн несиелерді ресімдеу бойынша 3 мың құқықбұзушылық жасалған.
Сонымен қатар, интернетпен кез келген азаматтың жеке кабинетіне қосылу арқылы олардың картасынан ақша ұрлау бойынша 2,2 мыңнан астам алаяқтық тіркелген.
"Бұл мәселенің күрделі екеніне дәлел ретінде, кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысында ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдегенін айтуға болады. Ол өз ойын іске асыру үшін өзге азаматтардың жоғалған жеке куәліктерін пайдаланған. Жоғарыда көрсетілген нақты мысал микроқаржы ұйымдарының онлайн қарыз беруде жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелері толық пысықталмағанын көрсетіп тұр.
Осыған байланысты, жапа шеккен азаматтар өзінің кінәсіз екенін мойындатып, заңсыз несиені өшіру үшін 9 айға дейін соттасуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде жәбірленушінің несиелік тарихына зиян келтіріп, қолма-қол ақшасыз төлем жасауына кедергісін тигізеді", – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Осы ретте мәжілісмен микрокредиттік ұйымдардың онлайн несие беру бойынша рәсімдерін қысқа мерзімде қайта қарауды ұсынды.
Сондай-ақ, ол клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейту, нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растау, яғни алаяқтардың бұрын дайындалған бейне немесе фото материалдарды қолдануына жол бермеу қажет деп санайды.
Сонымен бірге, Елнұр Бейсенбаев ақпараттық-бағдарламалық жүйелерді пайдалану арқылы онлайн-кредит ресімдеу кезінде екі сатылы аутентификацияны енгізу керектігін айтты.