Депутат ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізгендерді қатаң сынға алды

331

Фото: pixabay.comДепутат Мақпал Мыса мәжілістің жалпы отырысында мектептердегі ағылшын тілі пәнінің мазмұнына қатысты сын айтты .


Мақпал Мысаның сөзінше, мектептердегі 1 сынып пен 5 сыныпқа дейінгі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтарға білім және ғылым министрлігі тарапынан оң сараптама берілген. 
Бұл оқулықтар Jenny Dooley, Virginia Evans-тың авторлығымен "Экспресс Паблишин" баспасынан басылып шыққан. 


Сыртқы мұқабасында аударылған деп жазылғанмен, аударма емес.
 Оқулық 2016 жылдан бері осы баспаның Қазақстандағы ресми өкілі "EDU Stream" халықаралық білім беру компаниясының басшысы Наталья Мұхамеджанованың жетекшілігімен шығып отырған. Өзгешелігі -қазақстандық балалардың суретін пайдаланған.
"Кітаптың өне-бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. 
Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізіпті.


 Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?", - деп ашынды мәжіліс депутаты.


 Осы орайда Мақпал Мыса мектеп бағдарламасында бұндай өрескел қателіктер жіберген оқулықтарға қатысты ұсынысын айтты.


Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі білім бағдарламасына енгізген аталмыш ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген өрескел қателіктерге жауапкершілікті күшейтуді сұраймыз.  


 Екіншіден, оқулық әзірлеу оған сараптама жүргізу қағидаттарын жіті қарап, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын білім және тәрбие компоненттерінің тұтастығы аясында күшейту қажет. 


Үшіншіден, оқулық құрастыруда басшылыққа алатын Үлгілік оқу бағдарламасына сараптама жасалып, бағдарлама әзірлеуші топтың құрамын қайта қарау керек. Сараптамалық комиисия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдері емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, иллюстратор, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу қажет. 


Төртіншіден, оқулықты басып шығаруда шетелдік емес, өз отандық баспаларымызды қарастыру қажет. 


"Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру кезеңінде мұндай оқулықтар Қазақстанның болашағына жауап беретін, өз Отанын қадірлейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды", - дейді депутат.