10 мың бала демалысын тегін өткізеді

2 143

Фото: Оқу-ағарту министрлігі2025 жылғы жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылатын болады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы бала. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала жазғы демалысын тегін өткізу мүмкіндігіне ие болады. Барлық ұйымдастыру шаралары 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады.

Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылатын болады. Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сынды бірегей жобалар іске асырылады.

Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагерлері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланып отыр.