Қызылорда облысының ең шалғай ауылдарының бірінде заманауи мектеп ашылды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Қызылорда облысына сапары кезінде Арал ауданының ең шалғай ауылдарының бірі Мергенсай ауылында жаңа мектеп ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған “Келешек мектептері” жобасы елімізде сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында республика бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Жобаға қарасты 84 мектеп ауылдарда ашылды. Қызылорда облысында 7 мың баланың білім алуына мүмкіндік беретін 10 “ Келешек мектебі” ашылды, оның екеуі Арал ауданында орналасқан.
Мергенсай ауылындағы жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған және ауыл балалары үшін қолжетімді, қауіпсіз әрі сапалы білім алу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Білім нысаны оқушылардың қабілетін дамытуға, оқу процесін жақсартуға және ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сала министрі сонымен қатар Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Байқоңыр қаласында орналасқан №277 мектеп-лицейдің жұмысымен танысты. «Қазақстан халқына» қоры бұл оқу ордасына 245 млн теңге көлемінде қаражат бөліп, мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартты.







