Белгілі педагог БҒМ шешіміне қарсы шықты

366
Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушыларға бір жылға мектеп формасын киюді міндеттемейді. Алайда ведомствоның бұл шешіміне елордадағы №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы қарсы шықты.

Педагог пікірін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жеткізді. 


Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. 


Сондықтан мектеп формасын міндеттеу керек.


"Әйтпесе, өткен жылы кезекші сыныптардағы жағдайлар шын ойландырды. Қымбат киімдердің жарысы, классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киінді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балалар жасиды. 


Сондықтан жалпы мектеп формасын міндеттеу керек, бұл - жеке пікірім. Мектеп формасы мектептегі көп тәрбие үшін аса маңызды", - дейді ол. 


Мектеп директоры бұдан бөлек, оқушылар арасында тек киіммен ғана емес, смартфонмен де бәсеке барын айтты. 


Оның сөзінше, кітап, оқу құрал жабдығын, киім алу үшін мемлекеттік көмектерге құжат тапсырып жүрген талай ата-ананың балалары соңғы үлгідегі смартфон (IPhone-12, pro, т.б.) ұстап жүрген. 


"Өткен жылы мектептен планшет, нотбук сұрап келген ата-ананың баласының қолынан соңғы үлгідегі IPHONE көріп те түсінбей қалғам... 


Ал кейде оқушылардан бақылау алғанда телефон жинап аламын. Ана телефондарға қарап отырып біздің қоғам керемет бай деп ойлайсың. Бір сыныптағы оқушының 70 пайызының телефоны ең соңғы үлгіде.


 Біраз жыл бұрын оқушылар алдында телефонымызды алып шыққаннан ұялатын кездер болған, ағай, сіз осындай ұстайсыз ба, нашар ғой бұл деп тұратындар да кездесетін... 
Шын мәнінде, бұл - мектептегі ең ауыр мәселенің бірі. Себебі үлкен жарыс. Бала ата-анасына жыласа да, айғай шығарса да алдырады. Кей ата-аналар беске оқысаң, алып берем деп ұтысқа тігеді. Ол оқушы жылап-сықтап баға сұрайды сосын. 


Мүлде шамасы келмейтін балалар ше, көңілі түседі, жасиды, қорланады. Кей оқушылардың қылмысқа баруына түрткі болуы да мүмкін", - деді Аятжан Ахметжанұлы. 


Сөз соңында белгілі педагог бұл мәселені шешу үшін белгілі бір стандарт пен норма енгізу қажет екенін жеткізді.