Қазақстанда мұғалімдер енді сабақтан тыс уақытта оқушыларға жауап бермейді
Қазақстанда мұғалімдердің әлеуметтік желілерде міндетті түрде парақша жүргізуден бас тарту құқығын заңнамалық деңгейде бекітілмек,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Тиісті түзету “педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына енгізілген.
Құжатқа сәйкес, “Педагог мәртебесі туралы” заңның 7-бабының жаңа редакциясында мұғалімдердің әлеуметтік желілерді жүргізуден бас тарту құқығы бекітіледі.
Депутаттардың айтуынша, жаңа ереже мұғалімдердің құқықтарына қосымша кепілдіктерді бекітеді. Мұғалімдердің жүктемесі азайып, соның нәтижесінде олар негізгі білім беру қызметіне көбірек көңіл бөліп, оқыту сапасын арттыра алады.
Сондай-ақ аталмыш заң жобасында сабақтан тыс уақытта оқушылармен болған оқиғалар үшін жауапкершіліктен босату көзделген.
Сонымен қатар "Білім туралы" заңға ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды:
- педагогтің құқықтарын құрметтеу міндеті;
- ата-аналар мен білім беру ұйымы арасында жасалған шарт талаптарын сақтау;
- сабақтан тыс уақытта баланың мінез-құлқы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер көтереді.







