Қызылорда түлегі ҰБТ-дан 140 балл алды

2 574

Фото: Кәусар Алтынсарының жеке мұрағатынанҚызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №127 мектеп-лицейдің түлегі Кәусар Алтынсары ҰБТ-дан 140 балл жинап, еліміздегі ең үздік нәтиже көрсеткен санаулы талапкердің қатарына енді. Ал оның егізі Гауһар 139 балл иеленіп, қос түлек аймақ абыройын асқақтатты,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Кәусардың айтуынша, бұл жетістікке олар 10-сыныптан бастап жүйелі дайындықтың арқасында жеткен. IELTS емтиханын тапсырып, 11-сыныпта дайындықты күшейткен егіздер білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болған.

«140 балл алғанымды білгенде қатты таңғалған жоқпын. Өзіме сендім. Ең бірінші әкеме хабарластым, алғашында сенбей қалды. Әкемнің қуанышын көргенде ғана ерекше әсерде болдым», – дейді түлек.

Болашақта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды армандайтын егіздер ұстаздары мен ата-анасының қолдауын ерекше атап өтті. Кәусардың сөзінше, ҰБТ-дағы басты құпия – тұрақтылық пен тәртіп.