Байқоңырдағы орыс мектептерінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері енгізіледі

351
Байқоңырдағы орыс мектептерінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқытылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда облысы әкімдігінің сайтында:

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисовтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыста «Байқоңыр» кешені бойынша 7 үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы шығарылды. 

«Үкіметаралық комиссияның шешімімен Ресей мен Қазақстан Білім министрліктері Ресей Федерациясының жалпы білім беретін мектептеріне пәндерді енгізу мәселесін пысықтау жөнінде хаттамалық тапсырма берілді» делінген.

Комиссия отырысында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.

«Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін орыс мектептерінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» пәндерін оқытуға қатысты Қазақстан тарапының бастамасын қолдағаны үшін ресейлік әріптестерімізге алғысымды білдіремін. Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі мектептерді қажетті педагогикалық кадрлармен және тиісті біліктіліктегі оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз етуге көмектесуге дайын» деді аймақ басшысы.

Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласында 12 мектеп бар, оның ішінде бес мектеп Қазақстанның білім беру стандарты бойынша және жетеуі Ресейдің білім беру стандарты бойынша білім береді. Мұнда барлығы 9232 мектеп оқушысы білім алуда.