Елімізде дәрігердің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру жүйесі енгізілмек

1 630

Елімізде дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Бұл туралы Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.


«Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіпке ұшырайтын мамандықтарға жатады, яғни күрделі әрі жауапты мамандық. Әлемдегі озық тәжірибені қарай отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр. Мұндай тәсіл медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және халықаралық аренеда Қазақстанның денсаулық сақтау саласы рейтингісіне де әсер етеді», - деді А. Ғиният.


Оның атуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген.


«Ондай норма бар, ал заң жобасы осы баптың іске асыру жолдарын бекітеді», - деді министр.


Осы орайда ведомство басшысы заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отырғанын айтты.


«Заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибелер зерттелді. Мәселен, Англияда медициналық мекеменің әкімшілігі медициналық қателік жіберген медицина қызметкерінің тиісті жұмысын қамтамасыз етпегені үшін азаматтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Израильде медицина қызметкері қызметін жүзеге асырған мекеме немесе ұйым тек азаматтық-құқықтық жауапқа тартылады, оларда қылмыстық іс ескерілмеген. Ал АҚШ-та медициналық мекемемен бірге сақтандыру компаниялары да жауапты болады. Канадалық жүйеде қызметін теріс пайдаланған дәрігерлерді провинциялық лицензиялау органы жазалайды. Финляндияда медициналық көмек көрсетумен айналысатын барлық ауруханалар мен компаниялар сақтандырылуы тиіс. Медицина саласының қызметкерлеріне жеке сақтандыру шарттарын бекітудің және компанияларға сақтандыру жарналарын төлеудің қажеті жоқ. Бұл саладағы оқиғаларды пациенттерді сақтандыру орталығы қарастырады, медициналық персонал онымен айналыспайды», - деді А. Ғиният.


Оның сөзіне қарағанда, Ресейде қылмыстық заңда аталған қылмыстар және жалпы медициналық қылмыстар үшін арнайы норма жоқ. Адамға қарсы қылмыстар туралы тарауда маманның өзінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан жасалған іс-әрекет үшін жауапкершілік көзделген.