Елімізде жаңадан 32 заманауи көпбейінді аудандық ауруханалар салынбақ

1 391

Денсаулық сақтау министрлігі алдағы екі жылда елімізде 32 заманауи көпбейінді аудандық аурухана пайдалануға берілетінін мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Ұлттық жобада тиісті бөлімшелерді (инсульттік және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелері) аша отырып, сонымен қатар оларды күрделі жөндеу, ғимараттарды жаңарту (немесе жапсарлас ғимарат салу), медициналық құралдармен жабдықтау арқылы 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастыру жоспарланған. Аталған жаңартылған 32 нысанды пайдалануға беру 2024-2025 жылдарға көзделіп отыр», - деп атап өтті министрліктен.


Ведомство мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстардың аясында республикалық және жергілікті бюджеттен 5 нысанды (Ақмола облысында – 1, Қостанай облысында – 1, СҚО-да – 1, Түркістан облысында - 2) күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Оның ішінде Түркістан облысындағы 2 нысанды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ал қалған үш облыста құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер ұйымдарды анықтауға бағытталған конкурстық рәсім аяқталғаннан кейін бастау жоспарланып отыр.


«Мұнан бөлек, бүгінде тағы 4 нысанды (Алматы облысында – 1, ШҚО-да – 1, Жамбыл облысында – 1, Қарағанды облысында - 1) күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ал 10 нысанның (Жамбыл облысында – 2, Қарағанды облысында – 1, Қызылорда облысында – 4, Абай облысында – 2, Алматы облысында - 1) жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр. Қалған нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде», - деп атап өтеді министрліктен.


Бұған дейін елімізде 100-ге жуық денсаулық нысанының құрылысы басталғанын жазған едік.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.