Қызылордада «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бастау алды
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Қызылорда облысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы туралы баяндаған болатын.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам (бұл ел халқының 41%-ы) тұрады. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді.
«Жалпы медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім 21,3%-ға төмендеді. Ауыл халқы денсаулығының талдауы бірінші орында 42,7% тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегетінін көрсетеді, ас қорыту – 9%», — деді денсаулық сақтау министрі.
Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді.
А. Ғинияттың айтуынша, медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, келген әрбір дәрігерге 1-2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер үш-бес миллионға дейін бөледі. Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін пилоттық жоба пысықталуда.
Осы жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылға – 444 дәрігер бөлінді.
«Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды. Медициналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі жүзеге асырады», — деді Ажар Ғиният.
Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді, 1,7 млн шақыртуға қызмет көрсетілді.
Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адамға бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізілуде. Мысалы, пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтануды, өмір салтын үйрету, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту кабинеттері бар.
Денсаулық сақтау министрі биыл Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылғанын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде: Қазақстан, Испания және Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты.
Емханалар деңгейінде үздік тәжірибелерді енгізумен қатар, көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Әлемдік және отандық тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері қолданылатын Абай облысының Аягөз көпбейінді аудандық орталық ауруханасында да стандарттарды енгізудің және іске асырудың ең үздік тәжірибесін де атап өткен жөн.
Коронавирус инфекциясының пандемиясы жылдарында шектеу шараларына байланысты ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі төмендеді. Ауруларды ерте анықтау және уақытылы емдеу үшін ауқымды профилактикалық қарап-тексерулер енгізіліп жатыр. Жыныстық-жас құрамын, халықтың денсаулығын талдауды ескере отырып, нысаналы топ пен ауыл тұрғындарын қызметтерінің тізбесі кеңейтілді. 20 қазаннан бастап ауылдарда профилактикалық қарап-тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізілуде.
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілді. Осы жылдың 4 айында 230 елді мекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша шаралар қабылдануда. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің 86,1%-ы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 91,1%-ы компьютерлермен жабдықталған, 81% медициналық ұйым госпитальдық ақпараттық жүйелерді енгізген», — деді денсаулық сақтау министрі.
Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуға болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы объектілерге инвентаризация жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық объектілер жоқ, 400-ге жуық медициналық объекті жалдамалы, апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымының тозуы 50%-дан асады.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлерде кәсіби кадрлармен және заманауи жабдықтармен жабдықталған 700 жаңа медициналық нысан ашу көзделген. Бұл ретте ұлттық жобамен 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпбейінді орталық аудандық аурухана ұйымдастыру жоспарланған.
Жоба үш міндетті қамтиды:
- Бірінші – жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын: медициналық пункттерді, фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
- Екінші – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру.
- Үшінші – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.
Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде 253 – медициналық пункттің, 160 – дәрігерлік амбулатория мен 242 – фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы ұйымдастыру жұмыс істеп тұрған 12 аурухананы жаңғыртуды және 20 жаңа аурухананы ұйымдастыруды көздейді. Инсульт және кардиологиялық, тері арқылы енгізу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелерін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен үшін жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
«Жобаның кадрларға қосымша қажеттілігі медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары үшін 307 және көп бейінді аудандық орталық ауруханалар үшін 793 медицина қызметкерін құрайды. Әкімдіктермен бірлесіп бұл мәселе медицина кадрларын әлеуметтік қолдау және қайта даярлау шеңберінде шешілетін болады. Еліміздің 7 медициналық университетінде 2022-2024 жылдар аралығында 2 843 бейінді маман даярланады», — деді А. Ғиният.
Ұлттық жоба шеңберінде мынадай жұмыстар жүргізілді:
- Эскиздік жобалар, бас жоспар, жұмыс жобасы (сәулет шешімдері бөлімі) әзірленді;
- денсауық сақтау саласындағы ұлттық операторға жобалау қызметін жүзеге асыру және инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі функциялар берілген;
- ұлттық жобаны қаржыландыру ағымдағы жылғы 15 қарашада Республикалық бюджет комиссиясының отырысында мақұлданды;
- «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдармен, облыстардың әкімдіктерімен келісілді және Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілді.
- Жоба 217,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды (РБ қаражатының есебінен) талап етеді оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерінің құрылысына және 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы ұйымдастыруға.
Жобаны іске асыру нәтижесінде болатын әлеуметтік әсер:
Халық үшін:
– Профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау (медициналық-санитариялық алғашқы көмек).
– 4 млн ауыл тұрғынына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру.
– инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету («алтын сағат»қағидатын сақтау).
– қанайналым жүйесі ауруларынан (инфаркт, инсульт және т.б.) болатын өлім-жітімді төмендету.
Медицина қызметкерлері үшін:
– еңбек жағдайларын жақсарту;
– жаңа технологияларды енгізу мүмкіндігі;
– еңбекақы мен кірісті арттыру;
– оқыту және біліктілікті арттыру
Мемлекет үшін — Халықтың өмір сүру ұзақтығын және әлеуметтік әл-ауқатын арттыру.
Ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары 300 мың аса ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру, нормативтерге сәйкес ауылдық елді мекендерді медициналық көмекпен қамтамасыз ету және инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін «алтын уақыт» қағидатын сақтаумен басқа да бірқатар бағыттарды көздейді.
Ұлттық жоба аясында өңіріміздегі ауылда инфрақұрылымды дамытуда 27 нысан (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет) құрылысы салынбақ.
Аймағымызда 2023 жылы жоспарланған 16 нысан бойынша қазіргі таңда 14 дәрігерлік амбулатория құрылысы басталса, 1 нысан құрылысының мердігерлік сметасы беріліп конкурс жүруде.
Сондай-ақ, 2024 жылға жоспарланған 11 нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде келісім шарт жасалынды.
2025 жылға қарай Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын «Көп бейінді ауданаралық аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған көп бейінді аудандық орталық ауруханаларының ғимаратына қосымша құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобалар мемлекеттік сараптамаға енгізілді.
Жоспарланған 4 көпбейінді ауданаралық ауруханаларда инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері, триаж жүйесі бар жедел жәрдем бөлмесі ашылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен (КТ МРТ, ангиограф, сараптамалық дәрежедегі ультрадыбыстық, эндоскопиялық, реанимациялық жабдықтар, медициналық оңалту және т.б.) жабдықталатын болады.