Астанада қызылша өршіп тұр: Балаларға қауіп бар
Астана қаласында қызылша ауруының таралуы әлі де тоқтаған жоқ. Бұл туралы қаладағы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айгүл Шағалтаева мәлімдеді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері елордада қызылшаның 384 бастапқы жағдайы тіркелген. Оның 234-і, яғни 61 пайызы зертханалық тұрғыда расталған. Расталған жағдайлар бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 14,8-ді құраған.
Оның мәліметінше, негізгі тәуекел тобы – вакцинация алмаған балалар. Олар науқастардың шамамен 93,5 пайызын немесе 219 жағдайды құраған. Оның ішінде 144 жағдай, яғни 61,5 пайызы ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты тіркелген. Сонымен қатар науқастардың 26,5 пайызы – вакцинация жасына әлі жетпеген балалар. Бұл топ әсіресе осал саналады, себебі олар қоғамдағы жалпы иммунитетке тәуелді.
Мамандар қызылшаның балалар үшін жеңіл өтетін ауру емес екенін ескертеді. Бұл – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Науқаспен байланыста болған қорғалмаған адамдардың 90-95 пайызы жұқтыруы мүмкін.
Аурушаңдық құрылымында қызылшаға ең сезімтал топ – ұйымдастырылмаған балалар. Олар жалпы жағдайлардың 63 пайызын құрайды. Одан кейін мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар – 14 пайыз, оқушылар – 7 пайыз, студенттер – 5 пайыз. Қалған 10 пайызы өзге санаттарға тиесілі.







