"Сенатқа әкімнің жақтастары емес, керісінше одан талап ете алатындар баруы керек" -журналист

4 007
24 желтоқсанда Қазақстанда сенат сайлауына үміткелерді тіркеу өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Сенат депутаты болуға ниеттенгендердің бірі – 74 жастағы жазушы, журналист Алпамыс Бектұрғанов. Ол Батыс Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиясына құжатын өткізіп, қол жинау парағын алған.


Бірақ мәслихат депутаттарының қолын жинауға келгенде қиындыққа тап болған. "Басында келісім беріп, 5 минуттан соң ойынан айныған" депутаттар жиі ұшырасқан.


Кей депутатқа сенат сайлауына қатысуға ниетім барын алдын ала айтқанмын. Сол кезде "ешкімге қол қойған жоқпыз, аға, сізге қоямыз" дегендер нағыз іске келгенде "аға, біз қол қойып жіберіппіз" деді. Қай үміткерге қол қойғанын сұрағанымда "есімде жоқ" деген жауап естідім. Енді біріне хабарлассам, "бала бағып отырмын, мен үшін өзіңіз қоя салыңыз" дейді, үйіне өзім бардым, – дейді Бектұрғанов.


Ол аудандарда қол жинауды сенімді өкілдеріне тапсырған. Оларға кей депутат "әкімнің тапсырмасы бойынша қол қоймайтынын" айтқан.


Қазір мәслихат депутаттарының көбі кәсіпкерлер. Олар әкімге бағынышты. Биыл басты үміткер ретінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ұсынылып жатыр. Оған қарсылас болатын үміткерді тіркегісі келмейді, – дейді жазушы.

Айтуынша, жоғарғы палатаға әкімнің жақтастары емес, керісінше одан талап ете алатын, әкімнің қолынан келмейтін істі жасай алатын адамдар баруы керек.


Депутат болсам, бірінші кезекте 2005 жылы Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов аудандарында жол салуға бөлінген қаржының есебін сұраймын. 17 жыл өтті жол жоқ, қаржы қайда кетті, кім жеп қойды? Осы сұрақты әкімге қоятын батыл депутат қажет, – дейді.


Бұл – Бектұрғановтың депутат болуға екінші талпынысы. 2007 жылы мәслихат сайлауына қатысқан. Онда да жолы болмай, ақыры Орталық сайлау комиссиясына хат жазған. Бірақ мардымды жауап алмаған.


Алпамыс Бектұрғанов – "Сара жол" республикалық қозғалысының төрағасы. Қозғалыс биліктен өзгерістерді жиі талап етіп жүр.


Сонымен  қатар Парламент сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров "қазір парламентке кездейсоқ адам депутат бола алмайды" деп есептейді. Өйткені негізгі талап бойынша, сенат депутаты болатын адам мәслихат депутаттарының қолдауын алуы керек, бірақ "түптеп келгенде парламент депутатын сайлау президент әкімшілігінің тікелей бақылауында. Себебі оларға билікпен ойы бір жерден шықпайтын, оппозициялық көзқарастағы депутат қажет емес".


Қанша жерден депутаттың бәрі "сізді қолдаймын" деп уәде беріп тұрса да, аяғында бұл ойынан айниды. Себебі оларға әкімдіктен қысым болады, – дейді ол.


Уәлихан Қайсаров биыл да сенат депутаты болуға талпынып жатыр. Алайда депутаттардың қолын жинауда кедергі болғанын айтады.




Қазақстанда парламент сенатына депутат сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарда өтпек. Сенатқа 17 облыстан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жиыны 20 депутат сайланады. Сенат депутатын сайлау жанама сайлау жолымен өтеді, яғни жоғарғы палата депутаттарын халық емес, жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Орталық сайлау комиссиясы дерегінше, 29 қараша – 14 желтоқсан аралығында 20 өңірден 130 кандидат ұсынылған. Ең көбі Астана мен Алматыда, әрқайсынан 10 адамнан өзін ұсынған. Ең азы Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан – 5 үміткерден болған. Қазіргі сенат депутаттарының бесеуі сайлауға қайта түсіп жатыр.


ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес 2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18:00-де ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу тоқтатылды. Осылайша кандидаттар ертеңнен бастап сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Үгіт-насихат 13 қаңтарға дейін жалғасады, - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.


ОСК ұсынған мәліметке сәйкес ел бойынша барлығы 66 кандидат тіркелді. Олардың орташа жасы – 51,8. Сенат депутаттығына үміткерлердің 69,7% - ер, 30,3% - әйел.


Өңірлер бойынша кандидаттар саны:


Астана қаласы – 3 кандидат
Алматы қаласы – 5 кандидат
Шымкент қаласы – 3 кандидат
Абай облысы – 4 кандидат
Ақмола облысы – 3 кандидат
Ақтөбе облысы – 3 кандидат
Алматы облысы – 3 кандидат
Атырау облысы – 5 кандидат
БҚО – 3 кандидат
Жамбыл облысы – 5 кандидат
Жетісу облысы – 3 кандидат
Қарағанды облысы – 3 кандидат
Қостанай облысы – 3 кандидат
Қызылорда облысы – 3 кандидат
Маңғыстау облысы – 3 кандидат
Павлодар облысы – 3 кандидат
СҚО – 3 кандидат
Түркістан облысы – 4 кандидат
Ұлытау облысы – 3 кандидат
ШҚО – 3 кандидат ұсыныс бергені мәлім болды.