Шенеуніктерге қосымша табыс табуға рұқсат етілмек

550

Заң жобасы Мәжіліске 2023 жылғы қарашада кіреді деп жоспарланған,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Билік төрт рет әкімшілік реформа өткізсе де, өзінің басты заңын сол бойы жаңартпады.

Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қолданыстағы осы заңға кезекті заңнамалық түзетулерді әзірлеп жатыр.

Жаңа заң жобасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Агенттіктің түсіндіруінше, құжат шенеуніктердің жағдайын жақсартуға бағытталады.

Заң жобасы Мәжіліске 2023 жылғы қарашада кіреді деп жоспарланған.

Оның бір жаңалығы – мемқызметшілерді өз мүлкін сенімді басқаруға беруге міндеттеуге қатысты. Бұл талап шенділер өз бизнесін қорғап, сол үшін басымдықты жағдай жасамауы, сыбайлас жемқорлықпен айналыспауы үшін енгізілген еді. Тиісінше, мемлекеттік қызметке кірмес бұрын кез келген тұлға өз бизнесін басқаруды басқа адамға тапсыруға міндетті.

Агенттік осы талаптың бір бөлігін қайта қарап, жоюды ұсынады. Өйткені шенеуніктер бизнесі қатарында өз иелігіндегі акцияларын басқаруды да өзгеге табыстауы шарт. Әйтпесе, өзі акцияларына ие компанияның құнын арттыру үшін оған артықшылықтар ұсынуы ықтимал.

Дегенмен ведомство жаңа заң жобасы арқылы Парламенттен акциялардың "тізгінін" шенеуніктің өз қолында қалдыруды сұрайтын болады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің түсіндіруінше, мемлекеттік қызметшілерге ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында, яғни биржада ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын, соның ішінде ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының 5%-ынан аспайтын көлемде жай акцияларды сатып алу және сату құқығы берілді. Яғни, қазірдің өзінде жеңілдік жасалды.

Бірақ заңнама ол акцияларды ары қарай басқаруды басқаға тапсыруға міндеттейді.

Бұл ретте аталған мүлікті сатып алған жағдайда сенімгерлік басқаруға беру мәселесі реттелмеген. Мемлекеттік қызметші сатып алған акцияларын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі нотариус қызметінің құны сол акциялардың өзінен жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты мұндай мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеу ұсынылады, – деп мәлім етті агенттік мамандары.

Ведомство бұған жеке және жария мүдделер арасындағы теңгерімді сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін барғалы тұрған көрінеді. Мемлекеттік қызметте білікті мамандар көп тұрақтамайды.

Сонымен бірге мемқызметті өткеру жағдайларын одан әрі жетілдіру маңызды. Бұл салада бюрократия тым көп.

"Тыйым салулар мен шектеулер ынталандыру, көтермелеу сипатындағы шараларымен қатар жүргізілуі қажет. Мысалы, егер құзыретіне қайшы келіп, мүдделер қақтығысы туындамайтын болса, онда мемлекеттік қызметшілерге қосымша табыс табу құқығын берген жөн", – деген тоқтамға келді агенттік.

Мемлекеттік қызметте істейтін, бірақ лауазымын атамауды өтінген Еркеболат Оралбай шынында, кейбір шенеуніктің табысының салмақты бір көзі – құнды қағаздар екенін айтады.

"Біздің ортада бұл құпия емес. Ірі лауазым атқарған кісілер, министрлер, әкімдер, олардың орынбасарлары және басқа да бастықтар орнынан немесе мемқызметтен кеткенде әлдебір компанияның акциялар пакетінің иесі болып шыға келеді. Мұны слэнгте "айналмалы есіктер" деп атайды. Билікте отырғанда нақты бір компаниялардың дәуірлеуіне жағдай жасайды, мүдделерін ілгерілетеді, лауазымынан кеткен соң сондағы жұмсақ креслоға, биік лауазымға ауыса қояды немесе акционері, құрылтайшысы болып шыға келеді", – деді ол.



Бірақ бұл – тек ірі бастықтардың табыс көзі екен. Қатардағы мемлекеттік қызметшілерге ешбір компания акциясын бермес еді.

"Мен мәселен, былтыр өз қаржыма, мықты деп мақталатын брокерлер арқылы әлемдегі ең құнды компаниялардың акцияларын сатып алдым. Трейдингпен айналысып, табыс табайын деп ойлағам. Біраз уақыт болды, жалпы алғандағы кірісі шамалы, екі пайыздай ғана", – деді Еркеболат.



Сондықтан оның айтуынша, Мемқызмет істері агенттігінің бұл ұсынысы жоғарыдағы үлкен ағалар болмаса, төменгі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды емес. Бұл бастаманың мемлекеттің қызметті тартымды ете түсуі де неғайбыл.

Сарапшының пікірінше, басқа түгіл, тіпті Президент Әкімшілігінде білікті маман жетісе бермейді. Сондықтан мемқызмет тартымды болуы үшін, біріншіден, жалақыны барлық жерде көтерген жөн. Әйтпесе, бір министрлікте не әкімдікте жоғарылады, басқасында бұрынғы көлемде қалды, салдарынан білікті мамандар біріншілердің өрісіне тартылып, тез ауысып кетеді.

Немесе, мемқызметке CV, түйіндемесін жақсарту, тамыр-таныстық байланыс орнату үшін келіп, бір-екі жылдан соң ұлттық компанияларға кететіндер жетерлік.

Бұған қоса, мемқызметшілердің жұмыс орнында кеш қарайғанша қалу тәжірибесі бұрынғы көлемде болмағанымен, кездеседі екен. Кейбіріне аяқтай алмаған жұмысын үйіне алуына тура келеді. Жұмыс режимі сақтала бермейді, жүктеме болса, өсуде.

Ендеше Мемқызмет істері агенттігінің әлі де ізденгені, мемлекеттік қызметті тартымды етудің тың, әрі тиімді тәсілдерін тапқаны жөн сияқты.