Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев коронавирус жұқтырды

441

Фото: Ақорда прессПарламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев коронавирус жұқтырды. 

Әшімбаевтың айтуынша, сынама оң нәтиже көрсеткеннен кейін оқшаулануды ұйғарған. 

"Барынша сақтанып жүргеніме қарамастан, соңғы сынама нәтижесінде коронавирус індетін жұқтырғаным анықталып отыр. Бірақ бойымда аурудың ешқандай белгілері жоқ. Әйтсе де оқшауланып, мамандардың барлық талаптарын қатаң сақтаудамын. Соған байланысты жұмысты да қашықтан жалғастырамын", - дейді сенат спикері.

Парламент сенатының төрағасы сақтық шараларына бей-жай қарамау керектігін де еске салды.

"Өкінішке қарай, пандемияның екпіні әлі бәсеңдеген жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салып, сақтық шараларына бей-жай қарауға болмайды. Бұл, ең алдымен, өзіміз және туған-туыстарымыз үшін аса маңызды. Ендеше індеттің алдын алуға баса мән берейік. Аман болыңыздар", - дейді Мәулен Әшімбаев.