Ел ішін ірітетін жобалардың артында Храпунов, Әблязовтар тұр – депутат

478
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан фейк ақпарат тарататын блогерлер туралы Үкімет пен Бас прокуратураға сауал жолдады деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

«Соңғы кездері өмірімізге дендеп енген жаңа медиа, түрлі әлеуметтік желілерде бұқараны жолдан тайдыруға бағытталған жалған ақпараттар тасқыны жиілеп кетті. Түрлі блогерлер мен есім сойын жасырған әртүрлі аккаунттар жең ұшынан жалғасқан боттар елдің тынышын қашырып, алауыздықтың шоғын үрлеуге жол беруде. Мұндай фейк ақпараттар бірінші кезекте қоғамды тұрақсыздандырып, жанжалдарды арттырып, мемлекеттік аппараттың қалыпты жұмыс ырғағын бұзуға, елдің тынышын қашыруға бағытталатыны даусыз»,  деді депутат.


Оның айтуынша, негізінен, жалған ақпараттар ең алдымен түбі күмәнді ресурстарда пайда болады.

«Олар, негізінен, Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Іле-шала фейктер барлық пабликтерде және блогерлер мен анонимді телеграм арналар арқылы жаңа медиаларда көрсетіледі. Мұндай схеманы жақсы қаржылық қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан түрлі жолдармен елдің ішіне ірітуге бағытталған мұндай жобалардың артында Храпунов, Әблязов секілді мысықтілеулер кешегі Қаңтар қасіретінде халықтың қалқасында тұрып, тәуелсіздік тамырына тас атқан ниеті бұзық реваншистік топтардың тұрғаны анық. Өкініштісі, фейк ақпараттардың тарату процесіне қарапайым желі қолданушы азаматтар да сеніп қалуда. Жаңалықты алғаннан кейін олар оны бірден туыстары мен таныстарына бөліседі. Нәтижесінде қоғам тұрақтылығын бұзуға жасалған теріс әрекеттердің қатысушысы екенін сезінбейді. Өкілетті органдар өз саласындағы кез келген мәселеге басын ала қашпай, сәтінде құқықтық баға беріп, қоғамды, елді шынайы ақпараттармен қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар заманауи технологиялар үшін түбі шикі, шеттен қаржылық қолдау алатын анонимдердің жеке басын анықтап, арандатушылардың іс-әрекетіне ашық түрде құқықтық баға беру қажет», – деді Жанарбек Әшімжан.

Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың кез келген оқиғаға барынша жылдам әрі шынайы құқықтық баға беруін талап етті.

«Мемлекеттік органдар ақпарат береді, бірақ олардың жиілігі, таралу жылдамдығы жоғарыда айтылған сипаттамамен сәйкес келмейді. Сондықтан ел тәуелсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін БАҚ-тардың жұмысын кәсіби деңгейде ұйымдастыру керек», – деді Мәжіліс депутаты.