ҚЫЗЫЛОРДАДА ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ҮЙЛЕР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕ МЕ?
Қызылордада көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселе қордаланып тұр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгінде көрсең көзің тоймайтын сырт келбеті келіскен үйлер жетерлік. Қызылордалық қонақтарды қаланың сыртқы келбеті өзгеріп кеткені таң қалдыруда. Егерде пәтерлерге кіріп, тұрғындарынан ауыз су 4-5 қабатқа көтерілеме, әрдайым электржарығы бар ма, ыстық су радиаторларына жылу келе ме деп сұраса, онда эйфория бірден жоғалатыны да жасырын емес. Ал егер сырттан келген адамдар кейбір көп қабатты үйлердің жертөлелеріне түссе, онда олардың тіпті жүрегі айнып кетуі мүмкін. Қысы-жазы өздері тұрып жатқан пәтерге қатысты түйткілдерді тізбектеп айтатын халықтың қарасы азаяр емес. Тұрып жатқан үйлерінің жағдайы сын көтермей тұрған бір емес бірнеше ықшам аудандары бар. Мысалға Титов, Тасбөгет, Шанхай, Ақмешіт мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің сырт келбеті адам шошырлық. Бірнеше жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмей, жүдеу тартып тұр. Бүгінде қабырғалары сыз тартқан үйлердің өжірелері суға, қоқысқа толған.
«Қаламыз өсіп, өркендегенін көріп қуанамыз. Алайда көзбояушылық жасап қаланың көрікті жерлерін ғана емес шеткері де орналасқан үйлерге назар аударылса дейміз. Титов қыстағы Жетікөл көшесінде тұрамын. Енді үйіміздің сыртқы беті құлап опырылып тұр. Кірпіштерінің бәрі үгетіліп кеткен. Күрделі жөндеуді талап етеді. Осыны қала әкімдігі біледі ғой неге соны назарға алмайды?» - деді Салтанат.
Себебі сырты бүтін іші түтін болып, жыл сайын әрленіп сәнделетін көпқабатты тұрғын үйлердің жел тұрса жарық өшетіні, жарық өшті деп ауызсуға жарымайтын жағдай жиі орын алуда. Жасыратыны жоқ қала ішінде орналасқан үйлердің көше беті көркем-ақ. Бірақ, тасадағы тұрғын үйлерді көріп, аудан орталығы емес, шағын ауыл ма дерсіз. Бұл үйлерге баратын жолдың да жайы нашар. Жаңбыр жауса тіпті үйге кірудің өзі мұңға айналады дейді Тасбөгет кентінің тұрғындары.
«Электр тоқтары салбыраған күйі тұр. Үй жөндеу жұмыстарын көрмеген. Шатырымыз ұшып кетті, жаңбыр мен қардың суы сорғалап ағады. Тасбөгетте орналасқан екі қабатты үйлердің бәріне бірдей жөндеу керек. Өжіреміз суға толды, одан қаумалаған маса да көп, сасыған иіс көмейіңді тесіп кетеді. Ең құрығанда шатырымызды салып берсе.» - деді Наурыз көшесінің тұрғыны.
Бұл қала сыртында орналасқан үйлер болса орталық көшеде орналасқан дәл осындай үйлердің сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Көше бетін қанша жамап-жасқағанымен ішкі жағдайы мәз емес үйлер де бар. Үйге кіреберіс жерден-ақ көңіліңізге мұң ұялайды. Қала орталығында орналасқан Панфилов 30-шы үйінің жағдайы мәз емес. Әрине көше бойын жағалай тұрған үйлермен салыстыруға келмейді әйтсе де бір аулада орналасқан. Жасыратыны жақ модернизациядан өтпеген үйдің тұрғындары күрделі жұмыс жүргізілсе дейді.
«Жөндеу жүреді айына 30 000 төлейсіздер деген соң бас тарттық. Бұл кімде-кімнің қалтасына болса да ауыр тиеді. 2022 жылы келісім алып, қол қойылған бірақ әлі нақты шешімі жоқ. Әкімдік тарапынан ұсынылатын мердігер қалтамызға ауыр, осыған ықпал жасап, үйіміз апатты болмай тұрып әрекет етсе екен. Қала ішінде орналасқан жөндеу көрген үйлер 7 мың теңге төлеп отыр. Осындай суммаға келістірілсе жөн болар еді»,- дейді Ақмарал.
Жалпы, сапасы сыр берген тұрғын үйде тұрып жатқан халықтың жағдайы мүшкіл тартып тұр. Түні бойына масаға талан¬са, күні бойына сасық иіспен ты¬ныс¬тауға мәжбүр. Өжіренің суға толуынан қабырғалары көгеріп, сұрықсыз күйге түскен. Әсіресе осындай келеңсіздіктер салдарынан балаларының денсаулығына алаңдайды. Сондықтан да тұрғылықты халық жауапты мамандар үйдің қазіргі жайын өз көзімен көріп, қайта жөндеуден өткізсе деген талап-тілегін жеткізіп отыр. Бұл мәселеге құзырлы орындар бейжай қарамай, үн қосады деп үміттенеміз.