Отандық әуе компаниялары енді шетелге шығатын жолаушыны QR-кодпен де тексереді
Еліміздегі әуе компаниялары ПТР-тестке қатысты талапты күшейтіп жатыр. Енді әуе компаниялары қауіпті дертті жұқтырмағаны туралы анықтаманы қолындағы қағаздан ғана емес, сынама тапсырған зертханадан QR-кодты сканерлеу арқылы тікелей анықтайды. Бұл жалған құжатты түпнұсқадан ажыратуға көмектеседі.
Қазақстанның әуе тасымалдаушылары комитетінің төрағасы Всеволод Кимнің сөзінше, әуе компанияларына бұл анықтаманың заңды екенін тексерудің қосымша әдісі.
"Яғни жолаушының расымен сынама жасатқан немесе жасатпағанын көрсетеді. Өйткені бұған дейін жалған құжатпен келген бірнеше дерек тіркелді. Мамыр айының өзінде осындай 15 жағдайды анықтадық", - дейді ол.
Әзірге күшейтілген тексеріс тек Оңтүстік Кореяға ұшатындарға қатаң жүргізіліп жатыр. Мұны "Эйр Астана" және Asiana Airlines әуекомпаниялары жүзеге асыруда.
Егер жұмыс өз нәтижесін берсе, өзге мемлекеттерде осы әдіс арқылы қатаң бақылау қолға алынбақ. Өйткені осыған дейін көптеген жолаушы жалған анықтамамен Қазақстаннан шығып, шетелге жеткенде қулығы әшкере болған екен.
Қазір ПТР- тестсіз тек вакцинация паспортымен отандастарымыз Түркия мен Грузия еліне ғана кіре алады.
"Жалпы ПТР-тест пен өзге де жеке мәліметті анықтауға 5-15 минут уақыт кетеді. Бұл басқа да жолаушыларды қауіпті дерттен қорғау үшін жасалып отыр. Оған әр мемлекет өз саясатын орнатып, қойылатын шектеуді қатаңдатуы шарт. Мәселен, Кореяға бару үшін аталған талап орындалмаса, онда біз ұшуды тоқтатамыз", - дейді Air Astana әуекомпаниясының бас менеджері Амансұлтан Тайлақов.