Егін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде: қала басшысы тиісті тапсырмалар жүктеді

1 481

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіОблыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдегі егін жинау науқанының барысы кеңінен талқыланды. Басқосуда бұл бағыттағы жұмыстардың өзекті мәселелері мен алда тұрған міндеттер сараланды. Жиын қорытындысынан кейін қала әкімдігінде де арнайы отырыс ұйымдастырылып, шаһар басшысы Нұржан Ахатов егін жинау жұмыстарын пысықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қала бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы науқан қарқынды жүріп жатыр. Шаруашылықтар жоңышқа орып, мал азығын дайындау ісін де жүйелі түрде атқаруда. Сонымен қатар, бау-бақша өнімдерін жинау жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асырылуда. Бұл — жергілікті диқандардың маусымдық еңбекке тыңғылықты дайындықпен келгенінің айғағы.

Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін күріштің 1 275 гектары орылып, оның 1 024 гектары бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 52 центнерді құрап отыр. Бұл – аймақтың аграрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Егін жинауға қажетті жанар-жағар май көлемі жеткілікті, бұл техникалардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде.

Жиын барысында қала әкімі Нұржан Сәбитұлы науқанды мерзімінде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығына тоқталып өтті.

— Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн. Тиісті сала жетекшілері науқанның қарқынын бәсеңдетпей, барлық жұмыстарды 15-ші қазанға дейін толық аяқтауы тиіс, — деді қала басшысы.

Шаһар басшысы ауыл шаруашылығы бөлімдеріне және шаруашылық иелеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріп, өнім жинау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға да ерекше назар аударды.

Аграрлық саладағы мұндай үйлесімді жұмыс пен әкімдіктің қолдауы күзгі жиын-терімді уақытылы әрі сапалы аяқтауға негіз болары сөзсіз. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыруға септігін тигізеді.