Аудан әкімі Ардақ Ибраимов бірқатар маңызды мәселелер бойынша мәжіліс өткізді
Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігінде жұмыс мәжілісі өтіп, онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту, алдағы жылу беру маусымына дайындық, сондай-ақ облыс және аудан басшылығы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – халыққа сапалы қызмет көрсетудің негізі
Мәжіліс барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) қатысты мәселелер қаралды. Аудан басшысы бұл жүйенің тұрғындар үшін маңызын атап өтіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін сынға алды.
Аудан басшысы МӘМС жүйесіне қатыспай жүрген тұрғындармен жеке жұмыс жүргізіп, қамтылу деңгейін арттыруды тапсырды.
Жылу беру маусымына дайындық – басты назарда
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – 2025 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысы болды. Аудан әкімі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы кезеңге толық дайын болуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Кент және ауылдық округ әкімдеріне тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеріп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік желілерде тұрақты ақпарат жариялау тапсырылды.
Басшылық тапсырмаларының орындалуы – жүйелі бақылауда
Жиын барысында облыс және аудан әкімдері тарапынан бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысы да қаралды. Ардақ Ибраимов тиісті сала жетекшілерінен жоспарлардың нақты орындалуы мен мерзімдік тәртіптің сақталуын талап етті.
Аудан әкімі мәжілісті қорытындылай келе, барлық сала басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар беріп, аталған бағыттар бойынша жұмысты жедел әрі жүйелі жүргізуді міндеттеді.
Аталған мәселелер бойынша аудан әкімдігі тарапынан бақылау тұрақты түрде жүргізілмек. Келесі отырыста сала жетекшілерінен нақты нәтижелер мен орындалған жұмыс есебі сұралады.