Аймақ басшысы Сұлтанбек Оразымбетовті 80 жас мерейтойымен құттықтады

1 556

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданының құрметті азаматы, ел абызы Сұлтанбек Қойшыбайұлы Оразымбетовті 80 жасқа толуымен арнайы барып құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мерейтой иесін ұлықтауға арналған салтанатты жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен басқарма басшылары қатысты.

«Адал еңбекті бағалау – ұлт дәстүрінің айғағы»

Аймақ басшысы Сұлтанбек Қойшыбайұлын мерейлі жасымен құттықтап, оның ел мен жер игілігі жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.

«Дана халқымыз “Қадірлей білгенге құт қонады, құрметтей білгенге бақ тұрақтайды” дейді.
Өңіріміздің өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына бар күш-жігерін арнап, елдің қошеметіне бөленген аға буын өкілдеріне құрмет көрсету – біздің игі дәстүріміз.
Бүгінгі ресми жиын адал еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыз Сұлтанбек Оразымбетовке арналады.
Сыр жұртшылығы Сіздің елеулі еңбегіңізді, парасатты өмір жолыңызды жақсы біледі. Елдің дамуына қосқан зор үлесіңіз – өскелең ұрпаққа үлгі. Деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық тілеймін. Тойыңыз тойға ұласа берсін!» – деді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

Өнегелі өмір жолы мен абыройлы еңбек

Сұлтанбек Қойшыбайұлы Оразымбетов еңбек жолын Қызылту елді мекенінде қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Кейін әр жылдары:

  • Комсомол ұйымының хатшысы,
  • өндіріс бригадирі,
  • Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы,
  • Гигант колхозының партия комитетінің хатшысы,
  • аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы,
  • аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

1994–2012 жылдары Сұлтанбек Қойшыбайұлы Шиелі аудандық мәслихатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымының хатшысы болып, өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде айтарлықтай із қалдырды.

Ел ағасына – лайықты құрмет

Мерейтой аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сұлтанбек Оразымбетовке Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай сый - құрмет көрсетті.

Жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ел ағасы Қалдыбай Сүгірбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Олар Сұлтанбек Қойшыбайұлының қажырлы еңбегі, елге деген адалдығы мен азаматтық ұстанымы бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтіп, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, амандық пен қуаныш тіледі.

Сұлтанбек Оразымбетов – өз дәуірінің өнегелі тұлғасы, елінің дамуы мен бірлігі жолында аянбай еңбек еткен арда азамат.

Оның есімі Шиелі өңірінің тарихында адал қызмет пен азаматтық парасаттың үлгісі ретінде сақталмақ.

Облыс басшылығы мен Сыр жұртшылығы ардақты ағайға ақ тілек пен құрмет білдіріп, мерейлі 80 жылдық белесін кең көлемде атап өтті.