Қызылордада 20 жылда 272 бейнебақылау камерасы орнатылды
Қызылордада 20 жылда 272 бейнебақылау камерасы орнатылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform ақпарат сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда қаласындағы облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы 2006 жылы құрылған. Облыс әкімдігінен хабарлағандай, одан бері кезең-кезеңімен 272 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2024 жылы аудан орталықтарындағы осындай орталықтарға келіп түсетін ақпараттарды қабылдау мен тіркеу автоматтандырылған. Оған 2 млрд 240 млн теңге бөлініп, 539 бейнебақылау камерасы мен 49 стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, іске қосылған.
Қызылорда қаласына қосымша 1400 бейнебақылау камерасын және 20 мекен-жайға 80 зияткерлік қиылыс, 58 мекен-жайға 96 стационарлы жылдамдық өлшегіш қондырғы, жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе орнатуға, орталықты қайта жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп, келісімшарт жасалды, - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде бейнебақылау камералары интеграцияланды, алдағы уақытта толық іске қосылған. Стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар «ЕРАП» жүйесіне қосылып, жұмысын бастап кетті. Қызылорда облысы бойынша «Көмек-112» және «Көмек-109» автоматтандырылған ақпараттық жүйелерін Бас прокуратураның «Цифрлық қадағалау» бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесімен интеграциялау толық аяқталған.
2021 жылдан бері 112 нөмірлі бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі 24/7 режимінде 101, 102, 103, 112 нөмірлі шұғыл қызмет қоңырауын қабылдап келген. «Kөмек-112» жүйесіне 2021-2026 жылдар аралығында 1 263 173 қоңырау тіркелген.
2020 жылдан бері Қызылорда қаласында, ал 2023 жылдан бері облыс аумағында 109 бірыңғай нөмірі арқылы коммуналдық мәселелер бойынша өтініштер қабылданады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйеге 856 549 қоңырау түскен, — делінген әкімдік хабарламасында.







