ҚАЛА ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
ҚАЛА ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Қала аумағында бой көтеріп жатқан заманауи жобаларды аралау барысында шаһар басшысы мердігер мекемелердің жұмыс қарқынын бақылап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен қала әкімі Президент саябағы аумағында салынып жатқан 300 орындық балалар тынығу лагерінің құрылыс алаңына барды. Ауқымды жоба балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын ұйымдастыруға бағытталған. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан лагерьде жеткіншектердің жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік қарастырылған.
Жобада балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға арналған спорт кешені, тұрғын блоктар, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін арнайы event-аймақ, ашық аспан астындағы ойын алаңдары, амфитеатр, бассейн және
ұлттық нақыштағы киіз үйлер қамтылған. Сонымен қатар лагерь аумағы толық абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мұнда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі шығармашылық және спорттық үйірмелер жұмыс істейтін болады. Лагерь тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай бойы қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірдегі балалар туризмін дамытуға және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Қала әкімі құрылыс сапасына ерекше мән беріп, мердігер компания өкілдеріне жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ нысанның қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болуы қажеттігін атап өтті.
Аталған лагерьді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл балаларға арналған маңызды әлеуметтік тарту болмақ.
Бұдан кейін шаһар басшысы Президент саябағында салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – Ботаникалық білім беру орталығының құрылысымен танысты. Заманауи архитектуралық үлгіде бой көтеріп жатқан екі қабатты нысан шынымен қапталып, ерекше дизайнмен салынуда.
Б
отаникалық орталықта әлемнің түрлі аймақтарынан әкелінетін сирек өсімдіктер өсіріледі. Атап айтқанда, Оңтүстік Америка, Африка, Қытай, Жапония, Мексика және Мадагаскар табиғатына тән өсімдіктер коллекциясы орналастырылады деп жоспарланған. Бұл орталық келушілерге тек табиғат әлемін таныстырып қана қоймай, ғылыми-танымдық бағытта да қызмет көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, орталықта экологиялық білім беру бағытындағы арнайы бағдарламалар ұйымдастырылады. Оқушылар мен студенттерге арналған танымдық экскурсиялар, ғылыми кездесулер мен тәжірибелік сабақтар өткізу көзделген. Сонымен қатар мұнда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі көрмелер мен интерактивті жобалар жүзеге асырылады.
Қала әкімі нысанның өңір тұрғындары үшін маңызды демалыс әрі танымдық орталыққа айналатынын атап өтті. Оның
айтуынша, мұндай жобалар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді.
Облыс орталығында қарқынды салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені. Қала әкімі спорт кешенінің құрылыс барысын да арнайы барып көрді.
Ауқымды спорт нысаны халықаралық талаптарға сай салынуда. Кешен құрамында олимпиадалық стандартқа сәйкес келетін бассейн, 2500 орындық әмбебап спорт залы және түрлі форумдар, конференциялар мен мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.
Мұнда болашақта республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар спорт кешені бұқаралық спортты дамытуға, жастардың спортпен тұрақты шұғылдануына және кәсіби спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.
Нысанда заманауи инженерлік жүйелер орнатылып, келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалуда. Қазіргі таңда ішкі әрлеу және инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде. Құрылысқа қажетті материалдар мен техникалар толық қамтамасыз етілген.
Қала әкімі жауапты сала жетекшілеріне құрылыстың сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру маңызды екенін атап өтті.
«Қызылорда Арена» спорт кешенін осы жылдың тамыз айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Бұл кешен аймақ тұрғындарының спортпен айналысуына жаңа мүмкіндік ашып, облыстың спорт саласының дамуына серпін береді деп күтілуде.
Жалпы, Қызылорда қаласында соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде балаларға, жастарға және тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне арналған жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Бұл жұмыстар халықтың өмір сапасын жақсартуға және қаланың сәулеттік келбетін жаңғыртуға бағытталған.
Қазіргі таңда облыс орталығында білім, мәдениет, спорт және демалыс салалары бойынша бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жаңа нысандар ел игілігіне пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоспақ.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







