ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРГЕ ЖҰМСАЛҒАН ҚЫРУАР ҚАРЖЫҒА КІМ ЖАУАПТЫ?
Кейде адамға көшеде жүргеннен гөрі, ресми есептерді оқыған қауіпті сияқты көрінеді. Өйткені көшеде ит шабуы мүмкін, ал кабинетте бәрі «толық бақылауда», «жүйелі жұмыс жүргізілуде», «мәселе кезең-кезеңімен шешілуде» деген сөздер шабады. Айырмашылығы тек біреу: ит тістесе - ауыртады, ал кейбір есептер тістемесе де, сендіре береді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Сырт көзге бәрі дұрыс сияқты. Бағдарлама бар, қаржы бөлінген, жауапты мекемелер жұмыс істеп жатыр. Бірақ көшеге шықсаң бұл «жұмыстың» ізі байқала бермейді. Керісінше, бұралқы иттер мәселесі жыл сайын емес, ай сайын емес күн сайын өзектілігін жоғалтпай келе жатқан тақырыпқа айналған.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин көтерген деректерге сүйенсек, соңғы бір жылда елімізде 41 мыңнан астам адамды ит қапқан. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желісінде бөліскен. Қарапайым тілмен айтсақ, әр сағат сайын бірнеше азамат осындай жағдайға тап болады деген сөз. Енді осының қасына тағы бір санды қосайық, ол 14,8 миллиард теңге. Бұл - жануарлармен жұмыс істеу, реттеу және қауіпсіздік шараларына бөлінген қаражат. Иә, қате оқыған жоқсыз. Бұл сол көшелерде кезіп жүрген қаңғыбас иттерге бөлінген миллиардтар.
Сондай-ақ депутат соңғы жылдары еліміздегі ит тістеу оқиғасы 28 пайызға артқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол 12 депутаттың басын қосып, Бас Прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына хат жолдаған. Бөлінген қаржы туралы толық ақпарат талап етуде.
Қағаз жүзінде бұл ақша үлкен мәселені шешуге жететін сияқты емес жетерлік. Бірақ шынайы өмірде мәселе шешілгеннен гөрі, «есептелген сияқты» күйде тұрғандай. Иттер азайған жоқ, керісінше кей өңірлерде көбеймесе, азайғаны байқалмайды. Сонда қаржы бар, бағдарлама бар, арнайы мекеме бар, бірақ нәтиже қайда?
Бәлкім, проблема иттерде емес, сол иттерді «реттеп жатырмыз» деп есеп беретін жүйеде шығар?
Осы мәселе бойынша біз Қызылорда облысының ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевқа ресми сауал жолдадық. Жауап келді. Бірақ ол жауап нақты сандармен, талдаумен немесе түсінікті дерекпен емес, жалпы сипаттағы, бәрі «жоспарға сай» деген мазмұнмен шектелді. Яғни, сол классикалық сценарий ғой, сұрақ бар, жауап бар, бірақ нақты ақпарат жоқ.
Жолданған сауалға берілген жауап мазмұны мәселенің мәнін ашпайды және қойылған сұрақтарға нақты жауап бермейді. Жауапта негізгі сұрақ айналып өтіліп, оның орнына жалпы, ешқандай нақты дерекпен, түсіндірмемен немесе дәлелмен бекітілмеген ақпарат ұсынылған. Сұрақтың мазмұны еленбей, негізгі түйіндер жүйелі түрде ескерусіз қалған. Бұл жағдай қарастырылып отырған мәселе бойынша нақты талдау жүргізілмегенін, жауап дайындау сапасының төмендігін және азаматтық өтініштерге жеткілікті жауапкершілікпен қарамағанын көрсетеді. Нәтижесінде берілген жауаптың ақпараттық құндылығы жоқ, құр сөздер.
Қарапайым тілмен айтқанда, жауап бар сияқты, бірақ ішін ашсаң мардымды ештеңе жазылмаған. Ал, халық болса нақты «қанша ит азайды?», «қай жерде нәтиже бар?», «ақша қайда кетті?» деген сұраққа жауап күтеді.
Есепте бәрі дұрыс, өмірде бәрі күмәнді
Бүгінгі жағдайдың ең қызығы, бәрі қағазда керемет. Есеп те бар, қаржы да бар, жоспар да жеткілікті. Тек бір ғана нәрсе жетіспейді, ол көзге көрінетін нәтиже. 14,8 миллиард теңге жай ғана сан емес. Бұл - қауіпсіз көшелерге, тыныш ауылдарға, алаңсыз жүрген балаларға айналуы тиіс қаржы. Бірақ ол ақша кейде нақты өзгерістен гөрі, «орындалды» деген есептің ішінде көбірек өмір сүретіндей әсер қалдырады. Ал әзірге көшеде иттер, кабинетте есептер жүр. Екеуі де өз жұмысын істеп жатқан сияқты. Бірақ айырмашылық мынада: иттер кемі бір шындықты жасырып отырған жоқ.







