ШИЕЛІ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚОРЫМ ТАЗАЛЫҒЫНА БІР КІСІДЕЙ АТ САЛЫСТЫ
Шиелі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Таза Қазақстан жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды әрі мазмұнды іс-шара өтті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық акция аудан тұрғындарын ортақ іске
жұмылдырған маңызды бастамаға айналды.
Аталған тазалық шарасы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бастамасымен жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан аумағындағы барлық қорымдар мен зираттарда кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Іс-шара барысында қорым аумақтары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортасы ретке келтірілді. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп, жасыл желек қорын көбейту мақсатында көшет отырғызу жұмыстары жүйелі түрде іске асырылды.
Бұл бастама тек тазалық жұмыстары ғана емес, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, өткенге құрмет көрсетудің нақты көрінісі болды. Қазақ халқы ежелден ата-баба рухына тағзым етуді, қасиетті орындардың тазалығын сақтауды ерекше қастерлеген. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы – ұрпақ санасына сіңген терең тағылым. Сондықтан қорым-қорғандарды күтіп ұстау, олардың айналасын таза ұстау – халқымыздың рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Ауқымды тазалық акциясына 2 мыңға жуық аудан тұрғыны белсенді түрде қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Іс-шараға халық қалаулылары, түрлі деңгейдегі мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, еріктілер, ардагерлер мен жастар қатысты. Олар бір кісідей атсалысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Мұндай бірлік пен ынтымақ – қоғамның дамуы мен тұрақтылығының басты көрсеткіштерінің бірі екені сөзсіз.
Акция барысында тек тазалық жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті
қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, киелі орындарға құрметпен қарау мәселелері кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде халықтың экологиялық сауаттылығын арттырып, жауапкершілік деңгейін күшейтуге ықпал етеді.
Осындай тағылымды әрі мазмұнды шаралар арқылы қоғамда тазалық мәдениеті қалыптасып, туған жерге деген жанашырлық сезімі арта түседі. Сонымен қатар, бұл бастама келер ұрпаққа үлгі болып, олардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті нығайтуға септігін тигізеді.
Алдағы уақытта да Шиелі ауданында осындай игі бастамалар жалғасын тауып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тарихи-рухани құндылықтарды сақтауға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырыла бермек.
Фото: @Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі







