Қызылордада полиция қызметкерлері рухани шараға қатысты
Ұлттық кітап күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына арнайы барып, рухани-мәдени мазмұндағы кездесуге қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің зияткерлік әлеуетін арттыру, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және ұлттық
құндылықтарды насихаттау.
Кездесу аясында тәртіп сақшылары кітапхананың бай қорымен танысып, сирек кездесетін басылымдар мен жаңа әдебиеттерге шолу жасады. Кітапхана мамандары ұйымдастырған экскурсия арқылы қатысушылар кітапхана қызметінің ерекшеліктері туралы кеңінен мағлұмат алды.
Еркін пікір алмасу барысында полиция қызметкерлері кітаптың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталып, оның тұлғалық дамудағы рөліне назар аударды. Олар үшін кітап – тек ақпарат көзі ғана емес, ойды тереңдететін, рухты байытатын құндылық екені айтылды.
Шарада жастарды білімге ұмтылуға, кітап оқуға баулудың маңыздылығы да кеңінен сөз болды. Қатысушылардың пікірінше, кітап оқу – кәсіби дамудың да, адами қалыптасудың да маңызды бөлігі.
Ұйымдастырушылар мұндай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Себебі, кітап – рухани кемелденудің кілті, ал оны насихаттау – қоғамның ортақ міндеті.







