Қызылордада Полиция департаментінің бастамасымен ағымдағы жылдың 24–25 сәуір күндері аралығында «Жолда қабылдау» акциясы өтеді.

1 506

Фото: kzo_pdҚызылорда облысы Полиция департаментінің бастамасымен ағымдағы жылдың 24–25 сәуір күндері аралығында «Жолда қабылдау» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ азаматтардың полиция қызметіне деген сенімін арттыру болып табылады.

Аталған акция Қызылорда қаласы, Н. Назарбаев даңғылы №13 мекенжайында орналасқан «Арай Сити Молл» сауда орталығында өтеді. Іс-шара барысында кез келген тұрғын өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей полиция қызметкерлеріне қойып, нақты әрі жедел жауап ала алады.

Атап айтқанда, азаматтар жол қозғалысы қауіпсіздігі, әкімшілік құқықбұзушылықтар, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін алу және ауыстыру, айыппұлдарды тексеру мен төлеу тәртібі сияқты өзекті мәселелер бойынша кеңес ала алады. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары мен жол ережелерін сақтау маңыздылығы кеңінен насихатталады.

Бұл акция – халыққа ашық әрі қолжетімді форматта қызмет көрсетудің тиімді үлгісі. Осындай кездесулер арқылы тұрғындар полиция қызметінің жұмысымен жақынырақ танысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіруге мүмкіндік алады.

Барлық қала тұрғындарын аталған шараға белсенді қатысуға шақырамыз!