ҚАЗАЛЫДА ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ ПЕН СУ ТАРИФІ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚАЗАЛЫДА ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ ПЕН СУ ТАРИФІ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазалы ауданы әкімдігінде аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен вегетациялық кезеңге дайындық барысы және су жеткізу қызметінің тарифіне қатысты түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруға арналған кеңейтілген мәжіліс
өтті.
Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев, Қазсушар РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов, сондай-ақ Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы өкілдері, кент, қала және ауылдық округ мамандары, шаруа қожалықтарының төрағалары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдай, вегетациялық кезеңдегі су бөлу тәртібі және ауыл шаруашылығына әсер ететін өзекті мәселелер кеңінен қаралды. Аудан әкімі соңғы жылдары су
тапшылығының күрделене түскенін атап өтіп, бұл жағдай суармалы егіншілікке, әсіресе күріш шаруашылығына айтарлықтай әсер етіп отырғанын жеткізді. Дегенмен Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауының арқасында бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Жиында өткен жылғы және биылғы егіс көлемдері нақтыланып, негізгі дақыл – күріш өндірісінің көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану, тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс алқаптарын әртараптандыру, жерді лазерлік тегістеу жұмыстарын кеңейту мәселелері қаралды.
Арнайы келген салалық мекеме өкілдері су жеткізу жүйесінің қазіргі жағдайы, вегетациялық кезеңге дайындық барысы және тарифтік саясат бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты
жауап берді.
Мәжіліс барысында аудан әкімі бірқатар шаруашылықтардың су пайдаланғаны үшін берешегі бар екенін атап өтіп, төлем тәртібін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Ол алдағы егіс науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу үшін барлық жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарын толық дайындықпен ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларын іске қосуға әзірлеу және су үнемдеу шараларын күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар, су тапшылығын ескере отырып, суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру, күріш көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру және егіс құрылымын тиімді жоспарлау қажеттігі баса айтылды.
Айта кетейік, биыл Қазалы ауданы бойынша жалпы 17 257 гектар жерге егін егу жоспарланған. Оның ішінде 5 400 гектарға күріш, 340 гектарға жаздық бидай, 60 гектарға арпа, 500 гектарға дәндік жүгері, 316 гектарға майлы дақылдар (мақсары), 8 348 гектарға мал азықтық дақылдар, сондай-ақ 2 293 гектарға картоп, көкөніс және бақша өнімдері егу көзделіп отыр.
Мәжіліс қорытындысында барлық жұмыстарды үйлесімді ұйымдастыру, су ресурстарын үнемді пайдалану және ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.







