ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА КҮНІНЕ 30-ДАН АСТАМ ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛГЕН

2 533

Фото: © Жасанды интеллектпен жасалды Қызылордада қылмыс азаймай отыр. Керісінше қоғам тыныштығына қауіп күшейіп барады.  2026 жылдың сәуір айындағы ресми статистика жаға ұстатарлық жағдайды көрсетті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

 Небәрі бір айдың ішінде өңір бойынша 963 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл жай ғана айлық көрсеткіш емес. Бір айды 30 күнге шаққанда, өңірде тәулігіне орта есеппен 30-32 қылмыс жасалғанын білдіреді. 

 Ең алаңдатарлығы, қылмыстың басым бөлігі облыс орталығында тіркеліп отыр. Құқықтық статистиканың интернет-порталы мәліметінше қызылорда қаласының өзінде бір айда 708 құқық бұзушылық анықталған. Ал аудандардағы ахуал да қоғамды бейжай қалдырмайды. Ағымдағы жылдың сәуір айы бойынша Арал ауданында – 22, Қазалыда – 29, Қармақшыда – 29, Жалағашта – 44, Сырдарияда – 32, Шиеліде – 62, Жаңақорғанда – 37 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

 Бұл – қоғам тыныштығына түскен сызат. Әр қылмыстың артында зардап шеккен адам, шайқалған тағдыр, үрей мен сенімсіздік тұр. Күн сайынғы ұрлық, алаяқтық, төбелес пен заң бұзушылық туралы ақпарат жұртты таңғалдырмайтын деңгейге жетті. Сарапшылар қылмыстың өсуіне жұмыссыздық, әлеуметтік күйзеліс, жастар арасындағы тәрбиенің әлсіреуі мен интернет алаяқтарының көбеюі секілді факторлар әсер етіп отырғанын айтады.

 Ең өкініштісі бұл тек бір айдың статистикасы ғана. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, қоғамдағы қауіпсіздік пен адамдардың ертеңге деген сенімі үлкен сынға түсуі мүмкін. Қылмыс көбейген жерде тыныштық әлсірейді. Ал тыныштығы кеткен қоғамның болашағы да бұлыңғыр болатыны анық.