Қызылордада жасанды интеллект мектебі ашылмақ
2024 жылы Қызылордада жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылады деп жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Бастама Президенттің жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асады. Жоғары мектеп – Қазақстан мен Кореяның бірлескен жобасы.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде жасанды интеллект жоғары мектебін ашу жұмыстарына Сеулдегі ұлттық ғылым және технология университетінің мамандары көмектеседі. Кореяның ұлттық зерттеу қоры мен білім министрлігі 2029 жылға дейін жоспарланған бұл жобаға 1 миллиард теңгеге жуық грант бөлді.
Жасанды интеллект технологияларын дамыту бойынша тағы бір жобаны Оңтүстік Кореяның Шинхан университеті мен Алматы Ішкі істер министрлігі академиясы жүзеге асырмақ.
Қорқыт Ата университетінің 1 курс студенттері Сеул ғылым және технология университетінің бағдарламасы бойынша ілім алу үшін іріктеуден өтті. Қазір олар ағылшын және корей тілдерін жеделдетілген курстарына қатысып жатыр. Жоба аясында Қызылордаға Кореядан заманауи зертханалық құрал-жабдықтар жеткізіледі.Осылайша, Қазақстандағы жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі Сеул университетінің филиалына айналады. Жоба өз кезегінде өзге елдердің студенттерін қызықтырып, Қызылорданы аймақтың IT орталығына айналдыруы мүмкін.