АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚАЛАДАҒЫ АЯҚСУ ҰҢҒЫМАЛАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ТЕКСЕРДІ
АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚАЛАДАҒЫ АЯҚСУ ҰҢҒЫМАЛАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ТЕКСЕРДІ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы аяқсу ұңғымаларының қазіргі жағдайымен танысып, суару жүйелерінің жұмысын бақылаудан өткізді. Аймақ басшысы қала аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, аяқсу жүйесінің тиімділігіне, инженерлік инфрақұрылымның жағдайына және көгалдандыру жұмыстарының барысына назар аударды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Н.Назарбаев даңғылы мен А.Шәменов көшесінің қиылысындағы, «Қорқыт ата әуежайы» аумағындағы, «Эдельвейс» саяжайы маңындағы және Сырдария өзенінің сол жағалауындағы көпбейінді аурухана жанындағы аяқсу ұңғымаларының жай-күйін көрді. Әр нысан бойынша жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдерінің есебі тыңдалып, нақты міндеттер жүктелді.
Аймақ басшысы қаладағы жасыл желекті сақтау мен көбейту – экологиялық ахуалды жақсартудың, тұрғындарға жайлы
орта қалыптастырудың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты аяқсу жүйелерінің үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуі ерекше маңызға ие.
– Қаланы көгалдандыру – тек көркейту жұмысы ғана емес, бұл экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды міндет. Әрбір отырғызылған ағаш пен жасыл аймақ тұрғындардың өмір сапасына әсер етеді. Сондықтан аяқсу жүйелері үнемі бақылауда болуы тиіс. Су ысырап болмауы керек әрі барлық аумаққа уақытылы жеткізілуі қажет, – деді Мұрат Ергешбаев.
Сонымен қатар, облыс әкіміне сол жағалаудағы көгалдандыру және жасыл белдеу қалыптастыру жобалары таныстырылды. Соңғы жылдары халық саны артып, қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағын ауданда құрылыс жұмыстары мен абаттандыру шаралары қатар жүргізілуде. Бұл тәжірибе қаланың жаңа бөлігін кешенді дамытуға мүмкіндік береді.
Жауапты мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Қызылорда қаласы аумағындағы 68 көшеде жалпы ұзындығы 98,6 шақырым болатын арық жүйелері бар. Оның ішінде 46 көшедегі 74,6 шақырым арыққа аяқсу жеткізіліп отыр. Сондай-ақ, 3 көше 4,4 шақырымдық ірі лотоктармен қамтылса, 39 көшедегі 68,6 шақырым арық жүйесі кіші лотоктар арқылы жұмыс істейді.
Қаладағы аяқсу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 10 нүктеде орналасқан 16 насос қондырғысы толық қуатында іске қосылған. Бұдан бөлек, 12 арық жүйесіне 19 насос арқылы су берілуде. Мамандар насос құрылғыларының техникалық жағдайын тұрақты бақылап, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізуде.
Аймақ басшысына аяқсу жеткізілмеген көшелерді сумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Осы бағытта «KazstroyCapital LTD Kyzylorda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлескен жобалар қолға алынған. Жобалар аясында жерасты ұңғымаларын қазу арқылы қосымша су көздерін пайдалану қарастырылған.
Нәтижесінде Бөкейхан көшесіндегі арық жүйесіне аяқсу беріліп, тұрғындардың көптен бері көтеріп келген мәселелерінің бірі шешімін тапқан. Бұл тәжірибе алдағы уақытта өзге де көшелерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Облыс әкімі аяқсу жүйесін дамытуда заманауи технологияларды қолдану қажеттігін атап өтті. Әсіресе, суды үнемдеу,
тиімді пайдалану және инфрақұрылымның тозуын болдырмау мәселесіне айрықша назар аудару тапсырылды.
– Су ресурстарын тиімді пайдалану – қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе климаттық өзгерістер жағдайында әр тамшы судың маңызы зор. Сондықтан аяқсу жүйелерін жаңғырту, насос құрылғыларын күшейту және арық жүйелерін тұрақты тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, «Қызылорда тазалығы» мекемесі тарапынан қаладағы арық және канал жүйелерін тазалау, қалпына келтіру және күтім жасау жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Мекеме қызметкерлері күнделікті негізде каналдар мен арықтардың бітеліп қалмауын қадағалап, судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда қала аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Әсіресе жаз мезгілінде жасыл желектерді күтіп-баптау, суару және көгалдандыру шараларының маңызы арта түседі. Осыған байланысты коммуналдық қызметтердің жұмысы тәулік бойы бақылауда.
Мамандардың айтуынша, аяқсу жүйесінің тиімді жұмыс істеуі тек жасыл желектерді суаруға ғана емес, қаладағы микроклиматты қалыптастыруға да оң әсер етеді. Жасыл аймақтардың көбеюі ауа сапасын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырады.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында көгалдандыру жұмыстары ауқымды түрде қолға алынған. Қаланың басты көшелері мен қоғамдық орындарында мыңдаған көшет отырғызылып, жаңа саябақтар мен демалыс аймақтары ашылуда. Әсіресе сол жағалау аумағында жасыл белдеу қалыптастыру жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, қаланың сәулеттік келбетін жаңартуға да ықпал етуде. Заманауи тұрғын үйлермен бірге жасыл аймақтардың көбеюі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі жауапты сала жетекшілеріне аяқсу жүйелерінің жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды, арықтар мен каналдарды уақытылы тазалауды және су жеткізуде туындайтын мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жаңа көшеттерді күтіп-баптау және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты міндеттер жүктелді. Аймақ басшысы қала тұрғындары үшін жайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Қызылорда қаласында жүзеге асырылып жатқан мұндай кешенді жобалар өңірдің инфрақұрылымдық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.







