ҚАРМАҚШЫДА БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 513

ҚАРМАҚШЫДА БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықовтың төрағалығымен өткен мәжілісте аудан бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы, салықтық түсімдердің қамтамасыз етілуі, білім саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы «Соңғы қоңырау» шараларын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды. Жиынға аудандық бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының өкілдері мен жауапты сала мамандары қатысты.

Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар сараланып, кіріс көздерін ұлғайту, бюджет жоспарларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету және білім беру саласындағы дайындық жұмыстарын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы саласына жауапты мамандар аудан бюджетінің кіріс бөлігінің орындалу барысы туралы баяндама жасады. Онда кент және ауылдық округтер бойынша төртінші деңгейлі бюджеттің қалыптасуы, салықтық түсімдердің орындалу көрсеткіштері, жергілікті кірістердің өсу динамикасы және жоспарлы межелердің орындалуы жан-жақты талқыланды.

Жиында бірқатар ауылдық округтерде салықтық түсімдердің жоспарлы көрсеткіштерден төмен орындалу себептері сараланып, тиісті ұсыныстар айтылды. Әсіресе мүлік, жер және көлік салығы бойынша түсімдерді арттыру, кәсіпкерлік нысандарын заңдастыру, салық базасын кеңейту және берешектерді өндіру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Әбділәмитұлы жергілікті бюджеттің тұрақты орындалуы елді мекендердің дамуына тікелей ықпал ететінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.

– Бюджет кірісінің орындалуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Әрбір ауылдық округ пен жауапты мекеме салықтық түсімдерді толық әрі уақытылы қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуі қажет. Жоспарлы көрсеткіштердің орындалмауына жол берілмеуі тиіс, – деді ол.

Сонымен қатар мәжілісте аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бюджеттік қаржының тиімді игерілуі және әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асу барысы да сөз болды. Жауапты бөлімдерге қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, жоспарланған жұмыстарды мерзімінде аяқтау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Жиынның келесі бөлігінде білім саласына қатысты мәселелер қаралып, оқу жылының аяқталуына байланысты атқарылатын жұмыстар пысықталды. Әсіресе мектептерде өтетін «Соңғы қоңырау» шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру, мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

Аудан әкімінің орынбасары бұл шараның оқушылар үшін маңызды әрі есте қаларлық сәт екенін айтып, оны ұйымдастыру кезінде барлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара байланысын күшейтіп, мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіптің сақталуына ерекше көңіл бөлу тапсырылды.

Мәжілісте мектеп бітірушілердің қатысуымен болатын түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау, су айдындары мен қауіпті аумақтарға баруға шектеу қою және түнгі уақыттағы бақылауды күшейту мәселелері де көтерілді. Бұл бағытта ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, профилактикалық шараларды күшейту және жауапты мекемелердің бірлескен жұмысын үйлестіру қажеттігі айтылды.

Сонымен бірге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары да кеңінен сөз болды. Жауапты сала басшылары тарапынан тестілеуге қатысатын түлектердің дайындығы, білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және психологиялық қолдау мәселелері жөнінде ақпарат берілді.

Шыңғыс Әбділәмитұлы өз сөзінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің маңыздылығына тоқталып, бұл сынақтың тек оқушылар үшін ғана емес, жалпы білім беру ұйымдарының сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстары оқушылардың ғана емес, мектеп мұғалімдері мен жалпы сол мектептің білім деңгейін таразыға салатын маңызды кезең. Сондықтан әрбір білім беру ұйымы дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оқушылардың жоғары нәтиже көрсетуіне барлық жағдай жасауы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды бүгіннен бастап күшейту керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ жиында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары, жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады. Жаз мезгілінде балалардың түрлі үйірмелер мен спорттық, мәдени шараларға тартылуын қамтамасыз ету, лагерьлердің дайындығын пысықтау және санитарлық талаптардың сақталуын бақылау бағытында нақты міндеттер жүктелді.

Мәжіліс барысында жауапты сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді. Әсіресе салықтық түсімдерді ұлғайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және білім саласындағы дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу міндеттелді.

Жиын қорытындысында аудан әкімінің орынбасары барлық жауапты мекемелерге белгіленген тапсырмаларды мерзімінде әрі сапалы орындауды тапсырып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігі әрдайым бақылауда болатынын жеткізді.

– Әрбір сала бойынша берілген тапсырмалар нақты мерзімінде орындалуы қажет. Барлық жауапты мекемелер мен ауылдық округ әкімдері жұмыстарды үйлесімді ұйымдастырып, халық алдында тұрған міндеттерді сапалы атқаруы тиіс. Бұл – ортақ жауапкершілік, – деді Шыңғыс Сыдықов.

Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі