ШИЖАҒА АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
ШИЖАҒА АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін маңызды әрі тарихи оқиға орын алды. Елді мекенде заманауи талаптарға сай салынған жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, аудан және ауыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, спорт саласының мамандары, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуі өңірде бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына жасалған маңызды қадам ретінде бағаланды. Салтанатты жиында тұрғындардың қуанышын бөліскен облыс басшысы жаңа кешеннің ауыл халқы үшін үлкен тарту екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде 2022-2026 жылдар аралығында облыс көлемінде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде 25 спорт нысаны халық игілігіне беріліп, мыңдаған жасөспірім мен тұрғындардың тұрақты спортпен шұғылдануына
мүмкіндік жасалды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Президенттің ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалып жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану арқылы ауыл халқының табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бүгінде осы тапсырмалар аясында облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Арал ауданында да көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Күні кеше ғана Аманөткел ауылындағы 150 орындық жаңа мәдениет үйін халық игілігіне табыстадық. Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсіміне қатыстық. Сонымен қатар Абай елді мекенін сапалы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу бағытындағы жұмыстар қолға алынуда.
Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде бүгін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген Шижаға ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беріп отырмыз. Бұл кешен ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады деп сенемін. Осы жерден халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк Туын желбірететін спортшылар шығатынына кәміл сенеміз», – деді облыс әкімі.
Шара барысында тұрғындар жаңа кешеннің ауыл өміріндегі маңызына ерекше тоқталды. Себебі бұған дейін жастар мен балалардың спортпен тұрақты айналысуына қажетті заманауи инфрақұрылым жеткіліксіз болатын. Енді жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарына жыл он екі ай бойы денешынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді.
Кешеннің ішінде бірнеше спорт түрімен айналысуға арналған арнайы залдар, жаттығу бөлмелері, киім ауыстыратын орындар, санитарлық-гигиеналық бөлмелер және қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған. Мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, қазақ күресі, еркін күрес, үстел теннисі және басқа да спорт түрлері бойынша тұрақты жаттығулар өткізуге толық жағдай жасалған.
Мамандардың айтуынша, жаңа нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, спорттық резерв қалыптастыруға және аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар спорттық нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды орталығына
айналмақ.
Салтанатты рәсімде қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады. Ол мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, жаңа кешеннің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтты.
Өз кезегінде Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын беріп, ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Ақсақал жастарды спортпен айналысуға, елдің абыройын асқақтатуға шақырып, жаңа нысанның берекелі әрі игілікті орын болуына тілектестігін жеткізді.
Іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Сонымен қатар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаған мердігер ұйым өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Марапатталғандар өз еңбектерінің бағаланғанына ризашылық білдіріп, өңірдің өркендеуі жолындағы жұмыстарға алдағы уақытта да үлес қоса беретіндерін айтты.
Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен өткен жылы Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай салынған Теннис орталығы мен инклюзивті спорт кешені халық игілігіне ұсынылды.
Бұл нысандар кәсіби спортшыларды даярлау мен бұқаралық спортты дамытуға тың серпін берді. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен айналысуына арналған инклюзивті кешен өңірдегі әлеуметтік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетті.
Сонымен бірге Қазақстан халқына қоры қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері ашылып, ауыл жастарына қолайлы жағдай жасалды. Бұл жобалар ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын жақсартып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беруде.
Жергілікті кәсіпкерлер де өңірдегі спорт саласының дамуына белсенді қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жылдары олардың демеушілігімен облыс аумағында 80 спорт және ойын алаңы салынып, балалар мен жасөспірімдердің игілігіне берілді. Бұл алаңдар бүгінде мыңдаған баланың сүйікті демалыс орнына айналып отыр.
Қазіргі таңда облыс орталығында ірі спорттық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, заманауи талаптарға сай көпбейінді Қызылорда Арена спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар өңірдегі футболды дамыту мақсатында Қайсар футбол клубының жаңа академиясы салынуда. Бұл нысандар болашақта халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге мүмкіндік беріп, талантты спортшыларды тәрбиелеуге жол ашады.
Сарапшылардың пікірінше, спорт инфрақұрылымының дамуы өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартумен қатар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, әлеуметтік белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Сондықтан спорт саласына салынған әрбір инвестиция қоғамның болашағына салынған инвестиция болып саналады.
Шижаға ауылындағы жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы да осы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Жаңа нысан ауыл жастарының спорттық қабілеттерін шыңдауға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қызмет ететін маңызды орталыққа айналмақ. Ең бастысы, бұл кешен ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы болып, елді мекеннің әлеуметтік келбетін жақсартуға үлкен үлес қосады.
Жергілікті тұрғындар жаңа спорт нысанының ашылуын өңірге жасалған үлкен қамқорлықтың белгісі ретінде қабылдап, мемлекет басшылығына және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта бұл кешеннен ел намысын қорғайтын чемпиондар өсіп шығып, Қазақстан спортының жаңа жетістіктеріне жол ашатынына сенім мол.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.







