АМАНКЕЛДІ, ЖЕТІКӨЛ ЖӘНЕ АЙДАРЛЫ АУЫЛДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІН ЖЕТКІЗДІ

1 506

АМАНКЕЛДІ, ЖЕТІКӨЛ ЖӘНЕ АЙДАРЛЫ АУЫЛДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІН ЖЕТКІЗДІ

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы ауылдарының тұрғындарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, ардагерлермен және аудан активімен кездесті. Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов және Сұлтанбек Тәуіпбаев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – аудан тұрғындарымен ашық диалог орнатып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін таныстыру, алдағы міндеттерді талқылау және халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.

Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталып, Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

Аймақ басшысы соңғы жылдары Сырдария ауданында бірқатар маңызды жобалар іске асырылғанын атап өтті. Ауданның өндірістік әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – жүгері дақылын терең өңдеу зауытының алғашқы кезеңінің іске қосылуы ерекше аталып өтті.

Бұл жоба аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді. Жүгеріні терең өңдеу арқылы экспорттық әлеует күшейіп, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.

Облыс әкімі ауданның алдағы дамуында жаңа инвестициялық жобаларды тартудың маңызы зор екенін айтты.

– Бүгінде өңір экономикасының тұрақты дамуы инвестиция көлеміне тікелей байланысты. Сондықтан ауданға жаңа инвесторларды тарту, өндіріс орындарын ашу және салық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуы қажет. Инвестициялық жобалар тек экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Кездесу барысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай әсер етіп отырғаны белгілі.

Осыған байланысты облыс әкімі жауапты мекемелерге шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдарын бетондау жобаларын жедел әзірлеуді тапсырды.

Мұндай жобалар су шығынын азайтып, суармалы жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суды үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу қажеттігі айтылды.

Аймақ басшысы суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту міндетін де жүктеді.

– Су ресурстарының тапшылығы жағдайында әрбір тамшы суды тиімді пайдалануымыз керек. Сондықтан суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландырып, су үнемдеу технологияларын енгізуге және баламалы дақылдарды көбейтуге ерекше көңіл бөлу қажет, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында құрылыс саласындағы сапа мәселелері де талқыланды. Мұрат Ергешбаев кейбір нысандардағы құрылыс сапасына қатысты сын-ескертпелерге тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын барлық жобаларға қатаң бақылау орнатуды тапсырды.

Ол мемлекеттік қаражат есебінен салынатын әрбір нысан сапалы әрі ұзақ мерзімге қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.

– Құрылыс жұмыстарының сапасы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі. Сондықтан жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейінгі барлық жұмыстар қатаң бақылауда болуы қажет. Жауапты мамандар мен техникалық қадағалау ұйымдары өз міндеттерін жоғары деңгейде атқаруы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Кездесуде ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де көтерілді.

Қазіргі уақытта Сырдария ауданын газдандыру деңгейі 67 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдық елді мекендеріне табиғи газ жеткізуге қажетті қаржы бөлінген. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі бұл жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар Бесарық ауылын газдандыру жобасының дайын екені айтылды. Ендігі кезекте жобаны іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көздерін анықтау және демеушілерді тарту жұмыстары жүргізілмек.

Аймақ басшысы қалған ауылдық елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру үшін жобалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Кездесу барысында электр желілерінің жай-күйі де сөз болды. Кейбір елді мекендерде электр желілерінің тозуы салдарынан апаттық жағдайлардың орын алу қаупі сақталып отырғаны айтылды.

Осыған байланысты жауапты мекемелерге электр желілеріндегі апаттардың алдын алу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және туындаған мәселелерге жедел әрекет ету тапсырылды.

Тұрғындар көтерген маңызды мәселелердің бірі – экологиялық ахуал және елді мекендердің тазалығы болды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының маңыздылығына тоқталып өтті.

Бағдарлама аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

– Тазалық – мәдениеттің көрінісі. Әрбір тұрғын туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, ауылдарымыздың көркеюіне бірлесе үлес қосуымыз керек, – деді облыс әкімі.

Кездесуде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселелері де талқыланды.

Сырдария ауданында 2024 жылы пайдалануға берілген жаңа полигон қазіргі таңда аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.

Аймақ басшысы қалдықтарды қабылдау, сұрыптау және залалсыздандыру жұмыстары экологиялық талаптарға толық сәйкес жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Бұл бағыттағы жұмыстар қоршаған ортаны қорғауға және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелері де жиында назардан тыс қалған жоқ.

Жауапты органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.

Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы нақты мәліметтер ұсынылды.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Сырдария ауданында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім қалыптасты.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 38 миллиард теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан.

Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 4,6 миллиард теңгеге жетіп, аудан экономикасындағы маңызды салалардың бірі ретінде дамуын жалғастыруда.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында өндірілген жалпы өнім көлемі 2,2 миллиард теңгені құрап, тұрақты өсім көрсеткен.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 21,3 миллиард теңгеге жетіп, жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беруде.

Тұрғын үй құрылысы саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Жыл басынан бері аудан бойынша 6 732 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да тұрақты дамып келеді. Бүгінде ауданда 2 368 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 98,3 пайызы белсенді жұмыс істейді.

Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігінің жоғары екенін және бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді.

Кездесу соңында ауыл ақсақалдары, ардагерлер және тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Олардың қатарында жол жөндеу, ауыз су сапасын жақсарту, жастарды жұмыспен қамту, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту, ауыл шаруашылығын қолдау және инфрақұрылымды дамыту мәселелері болды.

Облыс әкімі тұрғындардың барлық ұсыныстары мен пікірлері назарға алынатынын атап өтті.

– Халықтың ұсынысы мен пікірі біз үшін өте маңызды. Әрбір көтерілген мәселе тиісті деңгейде қаралып, заңнама аясында кезең-кезеңімен шешілетін болады. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, – деді Мұрат Ергешбаев.

Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, халықпен кері байланыс пен өзара сенімді нығайтуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі