ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ДОНОРЛЫҚ ПРОЦЕСТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ
Бүгін облыстық көпбейінді ауруханасының мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сарманова Динара Сардарбекқызының төрағалығымен «Трансплантациялық үйлестіру және донорлық процесті ұйымдастыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – медициналық ұйымдардағы трансплантациялық қызметтің тиімділігін арттыру, донорлық процесті ұйымдастырудың бірыңғай тәртібін түсіндіру, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және елімізде ағза трансплантациясы саласындағы заңнамалық талаптар мен клиникалық хаттамаларды тәжірибеде тиімді қолдануға ықпал ету.Семинарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық» ШЖҚ РМК-ның жетекші мамандары арнайы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар облыстық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің ішкі аудит жөніндегі орынбасарлары, кардиолог, невропатолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер, қарқынды терапия бөлімдерінің мамандары мен трансплантациялық үдеріске жауапты қызметкерлер бас қосты.![]()
Кездесу барысында трансплантациялық үйлестіру жүйесін жетілдіру, әлеуетті донорларды дер кезінде анықтау, ми өлімін диагностикалау талаптарын сақтау және ағза трансплантациясына мұқтаж пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Дәрігерлердің трансплантациялық үйлестіру және донорлық процесті ұйымдастыру бағытындағы білімдерін жетілдіру, сондай-ақ практикалық дағдыларын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада келесі маңызды тақырыптар қамтылды:
- «Ми өлімі»
- «Ми өлімін анықтау (констатациялау) және оның критерийлері. Донорлық үдерістің алгоритмі»;
- «Донорлар мен реципиенттерді есепке алудың медициналық ақпараттық жүйесі. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу».
Лекторлар ми өлімін анықтаудың халықаралық және ұлттық стандарттары, клиникалық белгілері, диагностикалау кезеңдері мен құқықтық аспектілері жөнінде жан-жақты баяндады. Сонымен қатар әлеуетті донор анықталған сәттен бастап ағзаларды алу және трансплантациялау процесіне дейінгі барлық кезеңдердің алгоритмі түсіндірілді. Әрбір кезеңде медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі мен атқаратын міндеттері нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Оқыту барысында трансплантация саласындағы өзекті мәселелер, ми өлімін диагностикалау тәртібі, әлеуетті донорларды анықтау алгоритмдері, донорлар мен реципиенттердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану, деректерді уақытылы енгізу, пациенттердің кезектілігін қалыптастыру және ақпараттың ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Республикалық орталықтың мамандары Қазақстандағы трансплантация қызметінің қазіргі даму деңгейі, донорлық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы және медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да кеңінен ақпарат берді. Олар халықаралық тәжірибеге тоқталып, донорлық қызметті ұйымдастырудың тиімді модельдері мен әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген тәсілдерді таныстырды. Семинар барысында қатысушылар нақты клиникалық жағдайларға негізделген тәжірибелік тапсырмалар орындап, күрделі медициналық жағдайларды бірлесіп талқылады. Бұл дәрігерлердің кәсіби тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісуіне және күнделікті жұмыста кездесетін қиындықтарды бірлесіп шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Іс-шара сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар трансплантация саласына қатысты құқықтық нормалар, этикалық мәселелер, донорлық процесті ұйымдастырудағы жауапты тұлғалардың міндеттері, ми өлімін растау тәртібі және медициналық құжаттаманы жүргізу ерекшеліктері жөнінде өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Мамандар мұндай оқыту семинарлары өңірлердегі трансплантациялық қызметтің сапасын арттыруға, дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге және ағза трансплантациясына мұқтаж пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар трансплантациялық үйлестіру жүйесінің барлық кезеңінде медициналық ұйымдардың үйлесімді жұмысы мен тәжірибелі мамандардың кәсіби даярлығы аса маңызды екендігі айтылды. Семинар-тренинг қорытындысында қатысушылар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, алған теориялық және практикалық білімдерінің күнделікті медициналық қызметте тиімді қолданылатынын жеткізді. Оқыту бағдарламасын толық меңгерген мамандарға арнайы сертификаттар табысталып, алдағы уақытта да трансплантация және донорлық саласы бойынша осындай тәжірибелік оқыту іс-шараларын тұрақты түрде өткізу қажеттігі атап өтілді.







