ҚЫЗЫЛОРДАДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» МАРАФОНЫ МӘЖБҮРЛІ НАУҚАНҒА АЙНАЛДЫ МА?
Қызылордадағы білім беру ұйымдарында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына мұғалімдер мен оқушыларды жаппай тіркеу талап етілгені жөнінде хабарламалар тарады. Редакцияға ұсынылған құжаттар мен WhatsApp хаттарында тіркелу көрсеткішін бақылау, оны 100 пайызға жеткізу және нәтиже төмен болған жағдайда директорға түсініктеме беру туралы талаптар кездеседі, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған.
Жобаның мақсаты – қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, сыни және аналитикалық ойлауды дамыту. Марафонға қатысушылар 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы наурыз аралығында 15 кітап оқып, пікір жазып, ұпай жинап, тестілер мен зияткерлік сайыстарға қатысуы керек.
Алайда Қызылордада жобаны іске асыру тәсіліне қатысты сұрақ туындап отыр.
Редакцияға жолданған WhatsApp скриншоттарының бірінде:
«Әріптестер, обл тапсырма берілді. “Кітап оқитын ұлт” оқу марафонына тіркелу керек»,
– деп жазылған.
Тағы бір хабарламада:
– деген талап көрсетілген.
Бұл сөздер марафонға қатысудың жай ұсыныс емес, орындалуы бақыланатын көрсеткішке айналғанын аңғартады. Дегенмен скриншоттардағы талаптардың кімнен түскені және олардың ресми тапсырма екені жауапты органдардың түсініктемесін қажет етеді.
Білім басқармасының ресми хатында не жазылған?
Редакцияға түскен құжаттардың арасында Қызылорда облысының білім басқармасы жолдаған 2026 жылғы 8 қыркүйектегі ресми хат та бар.
Хат қалалық және аудандық білім бөлімдеріне, сондай-ақ облыстық білім беру мекемелеріне бағытталған. Құжатта облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасындағы меморандум аясында марафонды өткізу жөніндегі әдістемелік материалдар жіберілгені жазылған.
Сонымен қатар өңірлік жобалық кеңсе құрылғаны, аудандық және қалалық деңгейде марафонның жүзеге асырылуын қадағалайтын координаторларды белгілеу қажеттігі көрсетілген. Жауапты тұлғалардың тізімін білім басқармасына ұсыну және жобаға 14 қыркүйекке дейін тіркелу тапсырылған.
Алайда хатта әр мектептің, мұғалімнің немесе оқушының 100 пайыз тіркелуге міндетті екені көрсетіле ме? Бұл талапты білім басқармасы қойды ма, әлде жекелеген ұйым басшыларының бастамасы ма? Мәселенің осы тұсы анықтауды қажет етеді.
943 мың тіркелуші: нәтиже ме, әлде көрсеткіш пе?
2026 жылғы 11 қыркүйектегі ресми мәліметте марафонға республика бойынша 520 мыңнан астам адам тіркелгені хабарланған. Кейін жобаның ресми сайтындағы есептегіште қатысушылар саны 943 мыңнан асқаны көрсетілген.
Тіркелушілер санының қысқа мерзімде күрт өсуі жобаның кең қолдау тапқанын білдіруі мүмкін. Бірақ Қызылордадан тараған «100 пайыз тіркелу» туралы хабарламалар бұл статистиканың қаншасы ерікті қатысу нәтижесі деген сұрақ туғызады.
Мұғалімге кітап оқудың пайдасын түсіндіруді тапсыру – ағартушылық жұмыс. Ал оқушылар мен педагогтердің тіркелу пайызын сағат сайын бақылап, төмен көрсеткіш үшін түсініктеме талап ету – әкімшілік есепке ұқсайды.
Кітап оқу мәдениеті адамның қызығушылығы арқылы қалыптасуы керек. Егер негізгі мақсат шығарманы оқу мен түсіну емес, платформаға тіркелгендердің санын көбейтуге айналса, жоба өзінің бастапқы мазмұнын жоғалтуы мүмкін.
Білім басқармасына сауал
Осыған байланысты Opennews.kz редакциясы Қызылорда облысының білім басқармасынан мына сұрақтарға жауап күтеді:
Марафонға мұғалімдер мен оқушылардың қатысуы ерікті ме, әлде міндетті ме?
Білім беру ұйымдарына 100 пайыз тіркелуді қамтамасыз ету тапсырылды ма?
Тіркелу көрсеткішін сағат сайын бақылау және төмен нәтиже үшін директорға түсініктеме беру талабы қандай құжатқа негізделген?
Жобаға қатыспау оқушының бағасына немесе мұғалімнің еңбек көрсеткішіне әсер ете ме?
Қызылорда облысына тіркелушілер саны бойынша нақты жоспар белгіленді ме?
Қатысушылардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың дербес деректері қалай жиналып, өңделеді?
«Кітап оқитын ұлт» – қоғамға қажет бастама. Бірақ оны жүзеге асыру кезінде насихат пен мәжбүрлеудің арасы ажыратылуы тиіс.
Жүз пайыз тіркеліп, бірақ кітаптың бір бетін ашпаған аудитория статистиканы жақсартуы мүмкін. Алайда ол кітап оқитын ұлт қалыптастырмайды.
Opennews.kz редакциясы Қызылорда облысының білім басқармасы мен өзге де жауапты органдардың ресми ұстанымын жариялауға дайын.
Қаз
Рус






