ТЫЛ АРДАГЕРІ, БАТЫР АНА РАХИМА ІДІРІСОВАНЫ 90 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 504

ТЫЛ АРДАГЕРІ, БАТЫР АНА РАХИМА ІДІРІСОВАНЫ 90 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тыл ардагері, Батыр ана Ідірісова Рахима Қыпшаққызын арнайы қабылдап, 90 жас мерейтойымен құттықтады. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әйелдер кеңесінің мүшелері және сала ардагерлері қатысты.

Аудан басшысы Рахима Қыпшаққызының елге сіңірген еңбегін, өнегелі өмір жолын атап өтіп, мерейтой иесіне ақжарма тілегін білдірді.

Тоқсан жас – бір адамның ғұмыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Өмірдің ыстық-суығын қатар өткеріп, қиын кезеңдерде ауыл шаруашылығы саласында ер азаматтармен қатар аянбай еңбек еткен Рахима Қыпшаққызы – кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық ғибратты ғұмыр иесі. Қарапайым еңбек адамы бола жүріп, отбасының берекесін сақтап, ұрпағын тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.

Рахима Қыпшаққызы 1936 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, егін егу, мал шаруашылығына көмектесу, өнім жинау секілді ауыл шаруашылығы жұмыстарына белсене қатысқан. Еңбектегі табандылығы мен қажыр-қайратының арқасында екі мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанған. 1955 жылы Сәдуақас Ідірісовпен шаңырақ көтеріп, 8 перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардақты ана 32 немере мен 46 шөберенің сүйікті әжесі атанып, әулетінің ақылшысы мен берекесінің бастауы болып отыр. – Ана – отбасының жүрегі, әулеттің алтын қазығы. Сіздей ардақты аналарымыздың өнегелі өмір жолы, елге деген адалдығы мен еңбекке деген жауапкершілігі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі. Тоқсан жасқа толған мерейлі белесіңіз құтты болсын! Сізге тілеулес азаматтардың, адал ақ ниетті жерлестеріңіздің атынан шын жүректен құттықтаймын. Мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, ұрпағыңыздың қызығын көріп, ұзақ ғұмыр кешуіңізге тілектеспін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Салтанатты қабылдау барысында Рахима Қыпшаққызына туған жердің дамуына сіңірген еңбегі мен елге көрсеткен қызметі үшін Қазалы ауданының ең жоғары марапаты – аудан әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталып, дәстүрге сай камзол кигізіліп, ақ жаулық жабылды. Сонымен қатар мерейтой иесіне гүл шоқтары табысталды.

Жиында алғашқы құттықтау сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Оразғали Бекбановқа берілді. Одан кейін Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ажаркүл Алдажарова және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде Рахима Қыпшаққызы көрсетілген құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, аудан басшылығына және ақ тілегін арнаған барша жерлестеріне алғысын жеткізді.

Рахима Қыпшаққызының өнегелі ғұмыры – адал еңбектің, төзім мен табандылықтың, отбасы мен ұрпаққа деген шексіз мейірімнің жарқын үлгісі. Бүгінде ардақты ана әулетінің ғана емес, туған елінің құрметіне бөленіп отырған ақ жаулықты ана ретінде кейінгі буынға батасын беріп, ақыл-кеңесін айтып келеді. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.