"Ақиқаты жоқ, бұл - шоу" - Шахизада Дина Төлепбергеннің бағдарламасын өтірікке санады
Шахизада мен Дина Төлепберген арасындағы дау үдей түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шахизада соңғы кездері өзі және жеке өмірі туралы желіде жел ескен алып-қашпа сөздерге нүкте қою үшін “Астарлы ақиқат” бағдарламасына келген болатын. Алайда ол бағдарламаның шынайы екеніне күмәні барын жасырмады.
“Бұл бағдарлама да шоу. Мұнда ешқандай ақиқат жоқ. Кез келген бағдарламада шоу бар”, – дейді Шахизада. Әншінің бұл сөздері бағдарлама жүргізушісі Дина Төлепбергеннің шамына тиді.
Эстрада жұлдызының бұл сөзіне тележүргізуші: “Мұнда тек ақиқат айтылып, боямасыз болмыс көрсетіледі. Сіз менің намысыма тимеңіз. 12 жыл бойы “Астарлы ақиқат” бұқпасыз, боямасыз болмысты көрсетеді. Мен сізбен келіскен жоқпын. Сұрақтарды сізге төтесінен қойып жатырмын. Халықтың қойған сұрағын сізге қоямын деп сізге ескерттім. Менің бағдарламамды ешқашан басқа шоулармен теңестірмеңіз. Ашуланған себебім, сіз өтірік айтып жатырсыз. Мен сіздің сыныңызды қабылдамаймын, сондықтан сыныңыз өзіңізде қалсын”, – деп жауап берді.
“Астарлы ақиқат” бағдарламасының аты дұрыс қойылмаған екен. Олар Ерболат екеуіміздің арамыздағы айғай-шу, өсектің анық-қанығын білмесе, қайдан ақиқатын айтады? Болған жағдайдың анығын біз ғана білеміз. Олар өсекке, әлеуметтік желідегі комментарийлерге, өтірік жазатын сайттарға сеніп, бізді шақырып отыр. “Шахизаданы ұрып, тастап кетіпті”, “Әйелінен кетіп қалыпты”, “Әйелімен жатпай қойыпты” деп жазған сөздердің бәрі хайп. Бұл істің анық-қанығын Ерболат екеуіміз, Жеңіс Ысқақова, досым Сердос және мен жұмыстан шығарып жіберген Жайна деген бұрынғы көмекшім біледі”, – дейді Шахизада.
Әлеуметтік желіде тараған Шахизаданың бұл видосының астына көпшілік пікір жазып қалдырды. Желідегілердің басым көпшілігі атышулы әншіні сынап жатса, енді бірі бағдарламаның шынайылығына күмән келтірмейтінін жазды.
“Бағдарламаны шоу деп ойламаймын. Ақиқатты айта алмаған өзіңіз кінәлісіз”, “40 жыл қасықтап жинаған абыройын бір-ақ күндік өсекке бола төгу керек пе?”, “Осындай әңгіме айтып отыруға намыстанбайсыңдар ма?”, “Дина Төлепбергенді құрметтеймін”, “60 -қа келгенде саған хайп неге керек?”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.