Айдарбекова жолдасымен танысқан күнін есіне алды
Отандық танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова өмірлік серігі Нұртас Айдарбековпен танысқан күнін есіне алып, желіде әсерлі жазба жариялады. Бүгінде үш ұл өсіріп, 6 немеренің ата-әжесі атанған Айдарбековтердің алғашқы кездесуі Түркістан қаласында өткен.
Бұл туралы Гүлзира Айдарбекова өзінің Instagram парақшасында айтып берді.
"Нұрекең ең алғаш мені көргенде, мен 18 жаста, ал Нұрекең әскерден келген кезі еді. Түркістан қаласында бір микр-да екеуіміз де ең үлкен ағаларымыздың үйінде тұрып жатқанбыз. Ағаларымыздың үйі қарама-қарсы екен, Нұрекең досымен екі үйдің арасындағы беседкада Азат досымен отырып, соңғы автобусқа үлгермей қаламын ба деп жүгіріп келе жатып, сүрініп қолымдағы наным ұшып түскенде, көзі түсіп:
"Қарындас, асықпаңыз" деген жігіттің дауысын есітіп, ашумен жалт қарағанымда ғашық болып қалған екен. Сол жерде жылтың етіп күлгеніңде олай ғашық болмас едім дейді қазір күліп. Содан соңымнан түсті", - деп еске алды ол.
Айдарбекованың бұл күнді бүгін еске алуы бекер емес болып шықты. Арада 34 жыл өткен соң, Нұртас Айдарбеков бір кездері сүрінген сүйіктісіне ән арнап шығарған. Продюсер жаңа туындымен алғаш болып бөлісуге асықты.
"Сол кезде сүрінбегеніңде қазір ұлдарымның анасы, немерелерімнің апасы болмас едің, Алла шебер ғой деп, 34 жылдан соң арнаған әні ғой. Алла, баршамыздың бір жастықта абыроймен, толық қанды отбасы болып әдемі қартаюымызды жазсын!", – деп жылы тілекпен сөзін аяқтады Айдарбекова.