“Киноға жас әрі “бюджетный” актерлерді көбірек шақырады”: Нұржан Аташ неге фильмдерге түспей жүргенін айтты

205

Карантинге дейін өнердегі жолы да, телевизиядағы мансабы да, тойдағы асаба ретіндегі сұранысы қызып тұрған Нұржан Аташ қазір тыныштықта жүр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатына сілтеме жасап.
 Фото: https://www.instagram.com/nurzhan_atash/?hl=ru

– Нұржан, алғашқы сауалымыз сіздің шығармашылығыңызға тікелей байланысты болсын. Көрермен ең әуелі сізді телехикаялардың актері ретінде таныған еді. Қазір неліктен ол салада бой көрсетпей кеттіңіз?
– Бірнеше себеп бар. Ең алғашқысы - отбасылы болуым. Одан кейін карантин кезінде жіберіп алған қарымтамыз бар. Соның бәрін қайтарудағы қаржылық материалдық жағдайға тікелей байланысты шығар. Сонымен қатар қазіргі таңда ресми радиода қызмет жасаудамын. Оған қоса тойларым бар. Яғни уақыттың тапшылығы – екінші себеп. Үшіншісі – денсаулық. “Отқа түссе –  күймейтін, суға салса –  батпайтын” деген сөз осы актерлерге арналғандай. Қыстың күні мұздай суға да түсіруі мүмкін. Жазда сыртыңыздан қабат-қабат киім кигізіп, ыстық күнде қақтауы да мүмкін. Соның зардабынан денсаулықта кінәраттар кездеседі. Өзімнің де бір кездері денсаулығым сыр беріп, біраз қиналған болатынмын. Төртінші себеп –  гонорар мәселесі. Кино өте көп уақыт алады. Бірақ оған лайықты құн төленбейді. Шындығын айтсақ, қазіргі таңда жас әрі “бюджетный” деп айтамыз ғой, яғни ақша жағынан келісе қоятын актерлерді көбірек шақырады. Мен өз талаптарымызды алға тартып тұрғандықтан, кастинг директорларына аса қатты жаға қоймаймын. Сондықтан да бұрынғыдай шақыртулар аса көп емес. Әрине, Аллаға шүкір, алғашқы жылдары тоймен бірге табыс табуға, шыңдалуға, жаңа бағытта бағымызды сынауға мүмкіндік берген сала. Бұл салаға алғысым шексіз.


– Сонда Нұржан Аташтың сыйақасы өте жоғары болғаны ма?
– Салыстырмалы түрде қымбат деп айтуға келмейтін шығар. Бірақ мен өзімнен кейін шығып келе жатқан азаматтарға қарағанда сәл-сәл қымбат сұрайтыным жасырын емес.


– Қазіргі таңда замандастарыңыз танымалдылықты арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс жасап жүр. Бұл бағытта да сіздің амалдарыңыз саябырлап қалған сияқты. Келісесіз бе?
– Радиода адамды тану екіталай және өте қиын деп ойлайтынмын. Алайда таңғалатын жағдай – радиоға  жұмысқа келгелі бері, мені радиожүргізуші ретінде танитын адамдардың аудиториясы пайда болды. Ал бір фильмде жарқ еткенмен, оның тез сөніп қалатын кездері болады. Сіздің образды ашпайтын 20 фильмге түссеңіз де, ешкімнің есінде қалмауыңыз мүмкін. Ал кейбір фильмдерде керісінше болады. Бір образыңыз ұзақ жылдар бойы көрермен есінде қалуы мүмкін. Менің бағыма сондай рөл бұйырып қалған сияқты. Себебі “Аяулы арман” фильміндегі нашақор, есерсоқ Сержанның рөлімен әлі күнге танитындар бар. Тіпті той басқарып жүрсем де, “сен әлгі нашақор жігіт емессің бе?” деп сұрап, қошеметтейтіндер жеткілікті. Соған қарағанда көгілдір экраннан көрінбей кетсек де, көңілдерден кете қоймаған сияқтымын.


– Тек теледидарда емес, әлеуметтік желіде де аса белсенді емессіз…
– Иә, ол рас. Instagram енді шыққан кезде ойнадық, күлдік, биледік. Соған сай ойын-сауықтық контентті жақсы көретін аудитория қалыптастырдық. Ал қазір ойымыз толығып, өмірге деген көзқарасымыз тұрақталған кезде сауатты контент ұсынуға тырысып көрдік. Дегенмен аса үлкен кері байланыс болмады. Сол кезде “менің аудиториям менімен бірге өспеген бе?” деген түсініксіз сезім пайда болды. Кері байланыс пен қошемет аз болса, қызығушылық та бірден жойылады екен.


– Бәлкім, жаңа ілім-білімге құштар аудитория қалыптастыру үшін соған лайықты жұмыс жасау керек шығар?
–  Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Әзірге мен Instagram-ның алгоритімін, құпияларын аса қатты білмеймін. Сондықтан шығар, үлкен қызығушылығым жоқ.


– Яғни, Instagram-ға қосымша табыс көзі ретінде қарамайсыз ғой?
– Жоқ, мен Instagram-нан табыс табуды көздеп жүрген жоқпын. Бұл парақшаға маған бұрыннан тіркеліп, мені асаба ретінде болашақта өз тойларына шақырсақ дейтін Қазақстанның алыс-жақын жерлерінен оқырмандарым бар. Сол кісілер үшін кейде стористе тойдың қызықтарымен бөлісіп, әлі де сол салада жұмыс жасап жүргенімді көрсетемін. Ал калобрация немесе тағы басқа бағытта дамытып, жарнама жасап ақша табу жоспарда жоқ.


– Үйленген соң өміріңізде не өзгерді?
– Бұған дейін мен “адам ақыл тоқтатып үйлену керек. Ақыл тоқтатқан адамның отбасылық өмірінде проблема кездеспейді” деп ойлайтынмын. Бұл қате ой болыпты. Негізі отызға дейін жүріп және мен ақыл тоқтатып үйленіп жатырмын деп ойлау ақымақтық екен. Қанша жаста үйленсеңіз де отбасында кездесетін проблемаларды айналып өте алмайсыздар. Үйленгеннен соң түсінген өмірлік сабағым осы. Аллаға шүкір, жүрек тынышталды. Өмірдің тағы бір сатысына шығып, жауапкершілікті сезініп жүрмін. Мен біреудің өмірі үшін, бақыты үшін, ішіп-жейтін азығы үшін, жалпы Алланың алдында бұл аманатқа жауапты екенімді сезініп жүрмін. Ең бастысы, бұрын айтылған сүйдім-күйдім, ғашық болдым деген сөздердің бекершілік екенін түсіндім. Нағыз махаббат некеден кейін, жаныңдағы Алла қосқан жарыңа деген пәк сезімдер екенін сезініп, ой-пікірім өзгеруде. Негізі үйленгеннен соң өмірімде көп нәрсе өзгерді. Әлі де өзгеретін дүниелердің, қасиеттердің көп екенін білемін. Бастысы, Алла әрбіріміздің отбасымызға береке берсін деп тілеймін.